1 келі бидайдан 7 келі мал азығын дайындап шығарады

175

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының шаруалары гидропоникалық қондырғы арқылы күніне 1 тоннадан астам мал азығын дайындайды. Яғни, арнайы қондырғыға 1 келі арпа-бидайды салып, одан 7 келі азық өндіреді. Жаңа технологияның көзін тауып, ісін дөңгелетіп отырған шаруалардың жұмысы ойдағыдай.

Гидропоника – өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада өсіру әдісі. Яғни, өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта орналасады. Әлібек Қарабаев мал шаруашылығымен айналысады. Ол жыл сайын дәнді дақылдардың бағасының қымбаттауына байланысты гидропоникалық қондырғы орнатуды жөн санаған екен. Шаруа тиімді әдістің арқасында ісіміз жеңілдеп, ақшамыз үнем болды дейді.

Әлібек Қарабаев, шаруа қожалығының иесі: «Бірінші 500 кг шығаратын гидропоника қойдырдық. Мұның пайдасы көп болған себептен біз екінші,үшіншісін қойғызып жатырмыз. Бидайды өзіміз егеміз, жерлеріміз бар, одан сатып аламыз. Біз өзіміз мал шаруашылығымен айналысамыз, жылқы, қара мал ұсақ мал. Сол өзімізге биыл жем-шөп қымбат болған себептен осыған өттік. Бір тонна жемнен 7 тонна шығарасың. Жоңышқа, кебегіміз өте қымбат, кәдімгі бидай, жүгеріміз өте қымбат. Сол себептен қазіргі өнім пайда болып жатыр».

Шаруа қожалығының иесі 2021 жылдың жазында алғашқы 500 келі өнім шығаратын гидропондық қондырғыны орнатқан. Қазір қожалықта мұндай техниканың үшеуі бар.

1 келі бидайдан жасалып шығатын гидропоника өнімі шаруа қожалығындағы ірі қараларға 3 мезгіл беріледі. Бір күнде дайын болатын 1 тонна өнім малдарға 2 күнге азық болады.

Гидропонды мал азығының құрамында жануарларға арналған түрлі пайдалы заттар мен дәрумендер бар. Сондай-ақ, дайындалу тәсілі де оңай. Ең алдымен арпа-бидайды 12 сағат суға бұқтырып қояды. Одан соң жайып, кептіріп, қондырғыға салады. Ал қалған жұмысты техниканың өзі атқарады. Яғни, жаңа технология еңбек күшін де талап етпейді.

Данияр Аубакиров, «Agro green tehnology» компаниясының директоры: «Бұл технологияны біз батыстан кем емеспіз ғой. Біздің қазақ шаруа қожалықтары да пайдаланып және жемнің құнын төмендетіп, бордақы малды байлау ауысымы 6 айда дайын болатын болса, қазір 2-3 айда соғымға дайын болады. Сауынды сиырға келетін болсақ, сүттің пайызын 25-30 пайызға көтереді, майлылыңын 4,4-5 пайызға көтереді».

Оңтүстік өңірде гидропонды мал азығына сұраныс көп. Тіпті дайын өнімнің бір келісін 80-90 теңгеден сатып пайда көріп отырған шаруалар да бар. Техникамен қамтамасыз етіп отырған компания басшысы өңірде гидропоникалық қондырғыға да сұраныстың көптігін алға тартты. Қазірдің өзінде Шымкент пен Түркістан облысы аумағында 10-ға жуық қондырғы бар екен.

Гүлдана Дәурен

«Отырар TV» мен сайтымыздың @OtyrarQaz қазақша телеграм-каналына жазылыңыз.  https://t.me/OtyrarQaz