Түркістанда 22 аккумуляторды жымқырған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Бұған дейін Түлкібас елді мекенінің азаматына тиесілі «Мерседес-бенц» автокөлігінің ішінен 30 мың теңгелік аккумулятор ұрланған еді.
Өткен жылдың маусым айында болған оқиғаға қатысты тез арада жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізілген еді. Нәтижесінде Сарыағаш ауданының тұрғыны күдікке ілінді. Белгілі болғандай азамат жалпы құны 1 миллион 600 мың теңгеден асатын 22 аккумуляторды қолды еткен.
Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, күдікті ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізілді. Күдікті негізінен түнгі мезгілде автокөлік иелерінің жоқтығын пайдаланып арам ойын іске асырып жүрген.
Сондай-ақ ұрланған заттарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсағандығы белгілі болды. Полицейлер істі толығымен аяқтап, айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.
Күдікті деп танылған ер азаматқа сот шешімімен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Мөлдір Ибадуллаева