25 жыл бойы тұрған пәтерлерін рәсімдей алмай жүр

143

Шымкентте тұрып жатқан пәтерлерін 25 жылдан бері рәсімдей алмай жүрген тұрғындар шағым айтты. Сөзінше, ширек ғасыр бұрын Қазақстан Темір Жолы компаниясы еңбекті бағалап қазіргі баспаналарын табыстаған. Бірақ тұрғындар оны әлі күнге дейін өз атына аудара алмай келеді. Құзырлы мекемелердің есігін сан мәрте қаққанмен, ешқандай нәтиже шықпапты.

«Өмірде бармыз, бірақ есепте жоқпыз». Бұл Еңбекші ауданына қарасты, Қазығұрт бекеті маңындағы тұрғындардың жанайқайы. Олар мұндағы пәтерлерін 1998 жылы теміржол саласында еткен еңбектері үшін алған екен. Алайда баспаналарын әлі күнге дейін өз аттарына рәсімдей алмай келеді. Әкімдік пен соттың арасында сандалып, тек бірнеше отбасы ғана үйлерін өз атына өткізіпті.

Құлбек Қалжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл жерде 40 отбасының ішінде бар-жоғы 10 адамда ғана құжаты бар. Қалғандары өте алмайды, неге өте алмайды, оны ешкім айта алмайды. Себебін айтады сот қанағаттандырылмасын дейді, одан әрі қарай түсіндірмейді. Қайта-қайта барамыз, содан кейін жұрт далбасалап әркімге бір адвокатқа жалынып, содан кейін ол адвокаттар алатынын алады да, жоқ боп кетеді».

Еш жерде тіркеуде болмаған соң, жұрт сайлауда дауыс бере алмайды. Тіпті халық санағы жүргізілгенде санаққа енбей де қалады екен. «Мегаполисте тұрып жатыр деген атымыз болмаса, өзіміз бір бөлек арал сияқтымыз» дейді тұрғындар. Көшелерінің атауы болмағандықтан, кісі ауырса, жедел жәрдемнің келуі де мұңға айналады.

Құлбек Қалжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көшеміздің аты жоқ, оны өздеріңізде көріп келе жатырсыздар. Шұрық тесік, быт-шыт. Жаңбыр жауса, мына жердің бәрі шылқылдап кетеді, адам жүруі қиын».

Тұрғындар қазір көмір жағып, электрлі ток пешпен үйлерін жылытып отыр. Ал тіршілік нәрін жеке фирмадан ақысына сатып алады екен. Газ бен судың елдімекенге жүргізілмеуі айналып келгенде тағы да құжаттарының жоқтығымен байланысты.

Мейрамкүл Жаңабаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бір үйде жылу жоқ, міне осындай токпен жылытамыз. Жылда осы токқа жылытамыз, қаншама ақша төлейміз шығындалып. Кейде жылу болмай қалған кезде осылай курткамен отырамыз, тоңып қалатын кездер де болады. Газ жоқ, газ болмаған, біз келгелі негізі болмаған».

Үйлерге жақын маңда теміржол бекеті орналасқан. Ал мектепке жету үшін балалар 7 шақырым жаяу жол жүреді. Мұндағы тұрғындар шенеуніктердің назарынан тасада қалып қойған, сондықтан оқушыларды тасымалдайтын арнайы автобус та қарастырылмаған.

Қазығұрт бекетіндегі тұрғындар балаларымызды сабаққа жібергенде, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз дейді. Өйткені, бүлдіршіндер шалғайдағы білім ордасына жету үшін дәл осы теміржол рельстерінен өтуге тиіс. Ал бұл өз кезегінде балалардың өмірі үшін аса қауіпті.

Қалалық тұрғын үй басқармасындағылардың сөзінше, тұрғындар осы уақытқа дейін құр босқа әкімдік пен сот есігін жағалап, табанын тоздырған. Бұл мәселені шешудің жолы мынадай…

Гулима Байсейітова, Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бас маманы: «Бүгінгі таңда бұл тұрғындардың өздерінің тұрып жатқан пәтерлерін заңды түрде рәсімдеу үшін оларға өздері тұрып жатқан үйдің бағасын шығару керек. Яғни, сол құжаттарды тұрғын үй басқармасының теңгеріміне тапсыру керек. Сол құжаттар теңгерімге қабылдағаннан кейін тұрғындарға жекешелендіру мәселесі шешілетін болады».

Жауаптылардың сөзіне сенсек, ширек ғасырға жуық уақыт бойы қалалықтардың бас қатырған мәселесін небәрі 1-2 айда шешіп тастауға болады. Сонымен қатар тұрғындардың көптен күткен көгілдір отын мен ауыз суға қол жеткізетін күні де алыс емес екен.

Әлихан Файызханов