Биыл қалалық дендросаябақта 15 мың, ал Шымкент бойынша 1 млн. 267 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Көшеттердің алды қалаға әкелініп те қойған. Олардың қатарында жеміс ағаштары, шынар ағашы, арша және терек секілді тағы басқа көшет түрлері бар. Сонымен қатар, дендрологиялық бақта ағаш өсірудің жаңа әдістері енгізіліп жатыр.
Шымкент қалалық дендрологиялық бақта жаңа тәжірибе жүзеге асырылып жатыр. Картоп крахмалына арша ағашының сабағы немесе бұтағын отырғызып, одан өз алдына тамыр алынады. Нәтижесі 15-25 күн аралығында көрінеді дейді мамандар.
Үсен Құрманбай, Дендрологиялық саябақ директорының орынбасары: «Биотопыраққа егіп, картоптың ішіне отырғызып қойдық. Енді соның қазір 200 данасы дайын тұр. Құдай қаласа, 10-15 күнде олардың тамыр жүйесін көреміз. Егер тамыр алатын болса, ары қарай ісімізді дамытып, оңалтамыз ба деп отырмыз».
Биыл дендросаябақта 15 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысынан 1500 дана сібірлік шырша, және бақтағы қызыл кітапқа енген 9 ағаштың қатарына қызылорда облысынан әкелінген «тораңғыл» ағашы қосылып отыр. Бүгінде жеміс ағаштары, терек, шынар ағашын есептегенде 5000 түп көшет отырғызылып қойған. Ал қалғанын көктемде егу жоспарлануда.
Нұрсұлтан Кенжебаев, Шымкент қаласы жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Биыл қала аумағына 50 мың ағаш отырғызу жоспарлануда және сонымен қатар жасыл белдеу орман алқабына 1 млн. 267 мың ағаш отырғызу мың гектарға жоспарланып отыр. Басқармаға қарасты 39 гүлзар, 9 саябақ бар, соларға қосымша биыл тағы 7 гүлзар соғу, жобалық сметалық құжаттама әзірлеу жоспарланып отыр».
Үшінші мегаполисте былтыр 100 гектар аумаққа 200 мың ғана көшет отырғызылған. Биыл бұл сан әлдеқайда артады. Сондай-ақ, ағымдағы жылы қалада жаңа 7 гүлзар салынбақ. Шымкент бойынша 9 саябақ және 39 гүлзарды күтіп-баптаумен айналысатын серіктестік жаңа гүлзарлардың жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге кірісіп те кеткен.
Жандос Оспанов, «Build stroi» ЖШС өндірістік директоры: «Ағымдағы жылы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы мен меморандумға отырып, серіктестік тарапынан аталған 7 гүлзардың жобалық-сметалық құжаттамаларын демеуші ретінде істеп беру қолға алынып, істеліп жатыр. Жалпы қаланың жанашыры ретінде жасыл желекті күтіп баптап жатқаннан кейін, жайлы ортаны дамыту басқармасының ұсынысымен әзірлеп беру туралы ұсыныс түсті».
Бүгінде дендросаябақта өсімдіктің 360-қа жуық, ал сирек кездесетін ағаштың 61 түрі бар. Отырғызылып жатқан көшеттердің басым бөлігі Түркістан облысының тұқымбақтарынан әкелінуде.
Айта кетейік, биыл қала бойынша орманды алқаптарға ағаш отырғызу үшін 380 млн. теңге бөлінген. Бұл дегеніміз — 1000 гектар аумаққа — 1 млн. 267мың ағаш отырғызуды көздейді.
Гүлдана Дәурен