Түркістан облысында шекарадан өтпек болған шетел азаматының аяқ киімінен есірткі табылды. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлады.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Жібек жолы шекара бекетінде есірткі контрабандасы бойынша күдікті ұсталғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Белгілі болғандай, аталған шекарада Қазақстан Республикасынан Өзбекстанға қарай өтіп бара жаткан орта жастағы ер азаматқа Пайк атты қызметтік ит үріп, белгі берген. Мұнеы көрген шекарашылар бірден жедел-тергеу тобын шақырады.
Тексеріс барысында, ер адам Өзбекстан Республикасының азаматы екенін анықталды. Полицейлер күдіктіні тінту кезінде оның жолсөмкесіндегі аяқ киімінің ішінен есірткі тектес затты тәркіледі.
Алынған зат бірден сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттың 2 грамға жуық марихуана екені расталды.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы, яғни «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Бүгінде шетел азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал күдікті қамауға алынған.
Мөлдір Ибадуллаева