ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары Шымкент тұрғындарымен кездесті. Қарапайым жұрттың шағымын тыңдаған олар елдегі басты мәселерге қатысты өз пікірін білдірді. Әрі мәжілісмендер қашанда халықпен бірге екендерін жеткізді.
«Әйелдерді 55 жастан зейнетке шығару керек». Ынтымақ шағынауданың халқы үшінші мегаполиске келген мәжіліс депутаттарының алдында осы мәселені көтерді. Сөздерінше, нәзік жандыларға 63-ке дейін жұмыс істеу қиындық тудырады.
«Мына әйелдердің зейнет жасын 63-ке дейін апарып жатыр. Менің әйелім базарда істейді. Базарда тұрып көрсін. Қалай екенін көреді. Депутаттар айтады ой 63-ке дейін тұра берсін деп. Базар суық»,-дейді тұрғын.
Бұл ұсынысқа ауылдың ер азаматтары толық қолдау білдірді. Өйткені, әйелдердің басым бөлігі егде жасында қызмет етіп, денсаулығынан айырылып жатады. Әсіресе білім ұясында балалармен жұмыс істейтіндердің жағдайы мүшкіл.
«Кешке ана аяғын ала алмайды. Мың балаға тамақ береміз дейді. Жұмысты амалдың жоғынан істейді ғой. Жетіскеннен бармайды. Апа екен деп жатқан ешкім жоқ. Былай жұмсайды, былай жұмсайды дейді»,-деп айтты Ынтымақ тұрғыны.
Қарапайым жұрттың жанайқайын тыңдаған Перуашев бұл мәселе бойынша «біз емес үкімет ойлануы керек» дейді. Себебі, нақты шешім қабылдайтын үкімет басындағы шенділер. Ал мәжілісмендер әйелдердің өз еркіне қалдыру керек деп есептейді.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Оны біз әйелдердің өз еркіне қалдыруымыз керек. Егер мысалы әйел 55 тен асып, әрі қарай жұмыс істеймін десе ол өз еркі, жұмыс істей берсін. Егер оның жұмысы жоқ, бірақ біз оған зейнетақыда төлемейміз десек, ол қате. Біз бұл жерде дұрыстап қарастыруымыз керек. Әйелдерді осындай проблемалармен қалдыруға болмайды».
Депутаттарға сенім білдірген жұрт елде азық-түлік бағасының шарықтап тұрғанын жеткізді. Бұл мәселенің шешілуін талап еткен олар несиенің де пайызын төмендету керек екенін айтты.
«Жастарда да жұмыс жоқ. Керек болған соң кредит алады ғой. Төлей алмай жүр. Отбасында адам көп. Сол кредиттің пайызын төмендетсе. бұл ең негізгі мәселе. Мысалы шетелге қарап пайыздарын көріңіздерші. Пайызы өте төмен. Кез-келген нәрсені алады да жүре береді. Ал бізде керісінше».,-дейді тұрғын.
Ал тұрғындардың пікірімен келіскен Азат Перуашев бар жауапкершілікті Ұлттық банкке жүктеді. Бірақ, жағдайды тұрақтандыру үшін бар күшімізді саламыз дейді.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Өйткені банк Ұлттық банктың үстіндегі ставкасына өз мүддесін қосып қана кредит бере алады. Біз сол үшін қайта-қайта сұрап отырмыз. Төмендету керек, төмендету керек деп. Ұлттық банктың саясаты олар үкіметке де бағынбайды, олар бізге де қарамайды.
Кездесуде инфрақұрылым мен транспорт мәселелері де айтылды. Тұрғындардың шағымын депутаттармен бірге тыңдаған Абай ауданының әкімі барлығы кезең-кезеңімен шешіледі деп сендірді.Өйткені, аудандағы барлық елдімекенге жобалық сметалық құжат дайындалып қойған дейді.
Мөлдір Ибадуллаева