Шымкенттегі ИЧ-167/11 мекемесінде отырған 48 жастағы бұл азамат қаңтар оқиғасына қатысқан. Айтуынша, шеруге аяқасты тап болыпты. Бірақ, өзі «барғаныма өкінемін» дейді. Әрі үйінің жалғыс асыраушысы балаларын сағынғанын жеткізді. Бүгінде «заңсыз митингке шықты» деген айыппен темір торға тоғытылған азаматтың айтары көп…
Қаңтардың 5-күні ер адамның көлігіне 3 жігіт отырады. Олар «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілікке бара жатыр екен. Жол-жөнекей жүргізушінің намысына тиетін сөздер айтқан көрінеді. Сонымен кейіпкеріміз де мыңдаған адам жиналған шерудің ішіне кіреді. Иә, алғашында бейбіт митинг деп ойлапты. Өйткені басында алаңда әнұран шырқалған.
«Олар маған «митинг болып жатыр, естімедің бе?» деді. Мен «жоқ» дедім. Саған сонда елдің тағдыры бәрібір ме?» дегендей әңгіме айтты. Сонымен мен солармен бірге барып қалдым. Мен барған кезде әнұран айтылып тұрды. Халық әкімшілік қарай бет алып жатқан. Содан кейін жарылыс, атыс басталды»,-дейді ер адам.
«Қымбатшылыққа қатысты ойымды айтамын» деп келген азамат шерушілердің мақсатын білгеннен кейін кері шегініпті. Бірақ алаңда 1 сағатқа жуық уақыт болған.
«Мен өзім такси жүргізушісі болғаннан кейін маған қайту керек болды. Маған қорқынышты болып кетті. Үйге қайтқым келді. Адамдардың бәрі ашулы болды. Сосын ол жерден кетіп қалдым. Енді мен машинамен бардым, адамдарды алып бардым. Бұл ісіме өкінемін»,-дейді.
Ер адам қаңтардың 13-і күні тұтқындалыпты. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Және жастарды заңсыз шеруге шықпауға шақырды.
Бүгінде кейіпкерімізді 3 баласы мен жары асыға күтуде. Ол сөзінің соңын «Балаларымды жәутеңдетіп қойғаныма өкінемін» деп аяқтады.
Мөлдір Ибадуллаева