Алматыда тауарды тегін беретін дүкен ашылды

100

Әлеуметтік орталықтың бой көтеруіне «Бақытты отбасы» орталығының аналары мұрындық болған

Медеу ауданында тұтынушыларға тауарды тегін тарататын дүкен ашылды. Әлеуметтік орталықтың бой көтеруіне «Бақытты отбасы» орталығының аналары мұрындық болған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осылайша, көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуді көздейді. Игі бастаманы іске асыруға аудандық әкімшілік пен кәсіпкерлер қолдау танытып отыр.

Айта кету керек, дүкенге тек әлеуметтік санаттағы отбасылар жүгіне алады. Әлеуметтік дүкен Медеу ауданындағы Халиуллина, 71 мекенжайында орналасқан. Орталықтың салтанатты ашылуында бастауыш сыныпта оқитын 45 балаға тегін сөмке таратылды.

«Оның ішінде энциклопедиялар, бояғыш заттар, ермексаздар бар. Сонымен бірге керемет кітапшалар бар. Біз мұнда мүмкіндігі шектеулі балаларды да есептедік. Олардың ұсақ қол моторикасын дамыту үшін арнайы ойыншықтар салынған», — деді қоғамдық қор әдіскері Ғазиза Жайсанбаева.