Шымкентте бүтін бір шағынауданда қылмыстық іс тыйылмай тұр. Асар 2 елдімекені соңғы 10 жылда ұрылардың ұясына айналған. Үй иесінің жоқтығын пайдаланатын сұғанақтар іштегі бар жиған-терген дүниені үптеп кетеді екен. Ал оларды құрықтауға құқық қорғау органдарының қауқары жетпейді дейді тұрғындар.
Асар 2 шағынауданы соңғы 10 жылда ұрылардың мекеніне айналған. Тіпті, үй иесі үйде болса да, тұрғындардың дүние-мүлкін жымқыруды әдетке айналдырған. Сондықтан, ұрылардан көресіні көрдік деген асарлықтар үйлерін қараусыз қалдыруға қорқады.
Дина Ералиеваның үйін күні кеше ғана ұрылар тонап кеткен. Небәрі жарты сағатқа базарлық етемін деп шыққан сәтте ұрылар тойға деп сақтап қойған қаражаты мен қымбат зергерлік бұйымдарын үптеп кетіпті. Енді жиған дүниемнен айырылып, тақырға отырдым дейді ол.
Дина Ералиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күні кеше ұры кірген. Мына жерде телевизорым тұрған, оны алып кеткен. Столда ноутбук тұрған, баланың заряды болған, қалтамда 800 мың теңге болған, оны да алып кеткен. Енді әйел болғаннан кейін үшінші қалтамыз болады ғой, сумкаммен қосып алып кеткен. 2 браслетімді алып кеткен, біреуі бриллиант араласқан. Содан кейін алтындарымды алып кеткен. Балдарымның копилкада жинап қойған 40-50 мың теңгесін алып кеткен».
16 мыңнан аса адам тұратын елдімекен халқын ұрылардың әлі күнге дейін табылмай жүргені ашындырады. Тұрғындардың берекетін алған айлакерлер бір түнде бірнеше баспананы тонап кетеді екен. Тіпті, соңғы уақытта төрт түлік малдарды айдап кететін барымташылар да пайда болған.
Гаухар Әбішева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен көшіп келгелі ұрлық болып жатыр. Мен 2011 көшіп келгенмін. Ұрлық болып жатыр, бірақ менің затым табылды, менікі міні, учасковыйлар әкеп берді дегенді мен естіген емеспін. Әйтпесе, күні кешегіге дейін ұрлық болып жатыр Асар 2-де, болмады емес. Тіпті тапа-тал түсте болады, жеті түнде де, таңда да болады ұрлық».
Тұрғындардың күдігі жау алыстан келмейді дегенге саяды. Арадағы біреу ұрылармен байланыс орнатып, барлық мәліметті жеткізіп отыруы мүмкін екенін дейді.
Қалдыгүл Сәбденқұлова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Халық шулап жатыр. Қай жақта жатыр полиция? Заң қайда? Бұлардың бәрі сыбайлас 100 пайыз айтам. Оданда ұрыны ұстадыңдар ма халық жиналайықта бір саусағын кесейік та. Баяғы заман құсап. Не болса, о болсын. Ана бір саусақты көрген соң мынау ұры екен дейміз».
Елдімекенде ұрылар үшін барлық жағдай жасалғандай. Бейнебақылау камераларын айтпағанда, көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жүргізілмеген. Ал тұрғындар осы аумаққа учаскелік полицей шақ келмейді, ай сайын жаңа біреуі қызметке тағайындалады, алайда ешқайсысы мардымды жұмыс істемейді, дейді. Алайда аудандық полиция бөлімінің бастығы бұл пікірмен келіспейді.
Жүйелі жұмыс жүргіземіз деген пагондылар ұрыларды ұстауға уәде беріп отыр. Алайда тәртіп сақшыларына асарлықтар сенбейміз дейді. Сондықтан олар елдімекен тұрғындарының жан-айқайына әкімдіктегілер құлақ асып, шұғыл түрде жарықтандыру мен бейнебақылау камерасын орнатып беруін сұрап етіп отыр.
Әлихан Файызханов