Ата-анасы жалғыз қыздарын жыныстық құлдыққа сатып жіберген

180

Өзбекстан тұрғынын туған ата-анасы бейтаныс жандарға сатып жіберген. Енді әйел өзінің 30 жасында не оқуды, не жазуды білмейді. Қазір оған дағдарыс орталығының қызметкерлері көмек көрсетуде. Өзін Нигора деп атауды өтінген арудың оқиғасы естіген жанның төбе шашын тік тұрғызады. Оның ата-анасы жалғыз қыздарын Қазақстанда тұратын бейтаныс жандарға сатып жіберген. Сөзінше, алдымен оны Сарыағашқа әкелген, ал одан кейін 7 жыл бойы Шымкентте жыныстық құлдықта ұстаған

Құқығы тапталған, қорланған және адамдарға деген сенімін жоғалтқан. Міне дәл осындай күй кешкен құлдық құрбандары Шымкенттегі еріктілер үйінде тұрады. Зардап шеккендердің басым бөлігінің не өздерінде, не балаларында ешқандай құжат жоқ. Еріктілер оларға тіпті перзентханада туу туралы куәлік берілмейтінін айтады. Бұл дегеніміз — мұндай жағдайға тап болған әйел мен оның баласы құқықсыз өмір сүреді.

Өткен жылы Шымкенттегі дағдарыс орталығына жыныстық құлдықтың 5 құрбаны, ал жыл басынан бері дәл осындай жағдаймен 3 әйел адам келіп түскен екен. Дағдарыс орталығының директоры — оқиға құрбандарының барлығы — көрші Өзбекстан елінің тумалары дейді.

Малика Жүсіпова, «Көмек» дағдарыс орталығының директоры: «Барлығы бір аймақтан келеді. Мысалы бұл Самарқанд облысы, тек ауылдары әртүрлі».

Зардап шеккен жандардың сөздерінің растығына көз жеткізу үшін олармен арнайы психологтар жұмыс істейді. Ал барлық туындаған сұрақтар мен өтініш бойынша еріктілер Өзбекстан полициясымен тығыз байланыста екен. Қазіргі таңда Нигораның ісі бойынша Шымкент қалалық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалған.

Мөлдір Бекеева, Шымкент қаласы ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы: «Аталған жайт бойынша полиция қызметкерлерімен ҚР ҚК 128-бабымен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның шеңберінде, көрсетілген мәліметтердің шынайылығы да тексерілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды».

Қазір Нигора «Көмек» дағдарыс орталығында тұрады. Олар әйелдің құжаттарын қалпына келтіруге тырысып жатыр. Мұнда Нигорамен тағдырлас тағы екі әйел бар. Тіпті біреуінің 4 баласы бар екен.

Малика Жүсіпова, «Көмек» дағдарыс орталығының директоры: «Ол алдымен сексуалдық құлдықта болған, кейін босанған, қазір 4 баласы бар. Ал ол не істеуі керек? Қазір Қазақстанда тұрып жатыр. Ол алданып қалып, нашар адамдардың қолына түсіп, тегін жұмыс істеген».

«Сана Сезім» құқықтық орталығының мәліметінше, өткен жылы елімізде 11 облыс пен қалаларда жыныстық қанаудың 6 жағдайы тіркелген. Ал 2 қыз қылмыс жасалған кезде кәмелетке де толмаған екен. 2020 жылы дәл осындай 15 оқиға тіркелген, оның тоғызында зардап шеккендердің жасы 18-ге жетпеген.

Гүлдана Дәурен