«Шымкентте өзің қалағандай жұмыс түрін табу қиын». Бұл туралы Ерғали Білісбековтің онлайн қабылдауына қатысқан қала тұрғындары айтты. Сөздерінше, жұмыссыздардың әлі күнге дейін напақасын таба алмай жүргенінің басты себебі де осы.
Ал Халықты жұмыспен және баспанамен қамту, әлеуметтік қорғау бойынша қабылдау өткізген қала әкімінің орынбасары алдағы уақытта бұл мәселе көп ұзамай шешімін табады дейді.
Себебі биыл Шымкентте 24 196 жаңа жұмыс орны ашылады. Мұның 14 мыңнан астамы тұрақты, ал 10 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындары болмақ. Сала жауаптыларының сөзінше, биыл мегаполистегі жұмыссыздар саны едәуір азаяды.
Сондай-ақ, онлайн кездесуде тұрғындардың бірі уақытша баспана сұрады, ал енді бірі кезегінің келмегеніне наразы екенін жеткізді.
Қала әкімінің орынбасары бүгінде тұрғын үй кезегіне 48 мыңнан астам азамат тіркелгенін, мемлекеттік тұрғын үй қорында уақытша баспана қарастырылмағанын, Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй белгіленген тәртіппен кезек арқылы берілетінін жеткізді.
Арендалық тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беріледі. Ал, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиелік бағдарламалары ұсынылуда. Кезекте тіркелген азаматтардың барлығы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар бойынша баспаналы бола алады деді.
Қабылдау барысында әр тұрғынның мәселесі назарға алынып, тиісті басқарма басшыларына бірқатар тапсырмалар берілді. Ал қала басшысының орынбасары әр азаматтың өтінішін жіті бақылауға алатын болды.
Мөлдір Ибадуллаева