Д. Қонаев- Т. Рысқұлов жолайырығында шұңқырлар пайда бола бастады

865

Шымкентте 2021 жылы сапасыз жол салған мердігер мекемелер жалпы құны 25 миллион теңге айыппұл арқалаған. Ал 7 мекеменің ісі сотқа жолданыпты. Бірақ қалалық автомобиль жолдары басқармасы қанша шара көрсе де мегаполис жолының сапасы жоғарыламай тұр. Тіпті жақында ғана пайдалануға берілген Т.Рысқұлов даңғылы бойында бірнеше үлкен шұңқырлар пайда бола бастаған. Жауаптылар бұл олқылықты қалай түсіндірді? 

Бұл өткен жылдың желтоқсан айында ғана пайдалануға берілген Д. Қонаев пен Т. Рысқұлов қиылысындағы жолайырық. Арадан екі ай өтпей мұнда бірнеше үлкен шұңқырлар пайда болған. Ал автомобиль жолдарына жауапты басқарма басшысының айтуынша, бұл салғырттықтың орын алуына жобаның қысқа мерзімде аяқталуы себеп болып отыр.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Мен енді мына шұңқырлардың неліктен пайда болғанын айтып берейін. Ақыры сіздер сұрақ қойып жатырсыздар ғой енді. Жасыратын ештеңесі жоқ. Біздің мына қалада келе жатқан 110-дық кернеу бар. Сол осы жерден өткен. Ал біз проект басталғанда оны уақытша қойғанбыз. Өйткені жоба бойынша ол жерасты өткелімен өтуі керек еді. Сондықтан оны желтоқсан айында снимать еттік. Оны алғаннан соң үлкен орны қалады».

Ал бұл олқылықтың орнын толтыруға мегаполистің ауа райы қолайлы емес көрінеді. Өйткені, шұңқырларды уақытша бетонмен жамап қойыпты.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Қазір ауа райына байланысты уақытша цемент бетонмен құйып қойдық. Енді ауа райы жылығаннан кейін біздің мердігер «Базис» өзінің есебінен әрқайсысына замок ашып, мысалы бір метр болса оны 4-5 метрден ашып  жасап шығады. Оны біз мына ауар райына байланысты жасаймыз».

Ержан Жолдасов мұндай кемшіліктерден кейін де «біз үшін жолдың сапасы бірінші орында» дейді. Ал құны 7 млрд-тық жолайырықтың жыртығын мердігер мекеме 5 жыл бойы жамайды екен.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Біз әрбір жолды салған кезде біз оның сапасына көңіл аударамыз. Өйткені қазір барлық қоғам белсенділері бұл мәселені көтеріп жүр. Ал қазіргі жолайырыққа келетін болсақ бұл биылғы жылға өтпелі. Сондықтан ол мердігер толық осы жұмыстың бәрін аяқтап, біткеннен кейін, яғни маусым айынан кейін бұлар 5 жыл бойы жолайырықты өзі қарап отырады.

Ал халық тарапынан Д. Қонаев жолайырығына қатысты айтылар шағымда есеп жоқ. Бүгінге дейін оны әлеу желіде жарыса жазуда. Дүйім жұрт тек жолдың сапасына ғана емес, жол белгілерінің орнатылуына да риза емес. Өйткені, бұл маңда көлік апаты да жиі орын алады екен.

Алдағы уақытта мұндай қателіктерді болдырмау үшін транспорт басқармасы наурыз айынан бастап мониторинг жүргізеді екен. Тексеріс нәтижесінде сапасыз қызмет көрсеткен мердігер мекемеге ескерту жасалып, айыппұл салынады. Тіпті іс сотқа дейін баруы ықтимал. Алайда мұндай шараның қаншалықты жол сапасына әсер ететіні әзірге беймәлім.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева