Депутаттар халық көкейіндегі сауалды қою керек!

102

ҚР Парламентінде жаңа төрағаның алғашқы мәжілісі өтті. Ерлан Қошанов бірден депутаттардың жұмысына шүйлікті. Спикердің айтуынша, халық халаулылары өзіңнің сайлаушыларына жақын болуы тиіс. Алайда олар министрге де мардымды ұсыныс айта алмады. Өйткені, мәжіліс төрағасы депутаттардың сауалын маңызды деп таппады.

Енді депутаттар халықпен байланысты жандандырады. Бұл туралы Парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді. Сөзінше, әлеуметтік маңызы бар заң жобаларын ел арасында талқылаған жөн. Себебі, кез-келген шешім жұрттың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қаралуы керек. Сондай-ақ, спикер халықпен кездесу форматын қайта қарауды ұсынды.

Сонымен қатар, мәжіліс отырысында ауыл шаруашылық министрі баяндама жасады. Жиында, әдеттегідей депутаттар өз сұрағын қойды. Алайда, мәжіліс төрағасы бұл сауалдарды маңызды деп таппаған көрінеді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы: «Кеше жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша үлкен жиын өтті. Президент пен агенттік тарапынан ауыл шаруашылығы министрлігіне үлкен сын айтылды. Бұл жылдар бойы келе жатқан жемқорлық, бірінші кезекте субсидияға байланысты. Жемқорлық неге тамыр жайды? Біріншіден, лауазымды тұлғалардың жергілікті жерлердегі қолдарының таза еместігінен. Екіншіден, біздің заңдарымыз оған тосқауыл қоя алмайды. Мен бүгін осы мәселеге қатысты сұрақ бола ма деп күтіп едім. Өкінішке қарай, болмады»

Осылай деген төраға депуттардан қайыр болмайтынын білді ме, әлде өзін толғандырған мәселені жеткізгісі келді ме әйтеуір соңында комитетке өзі ұсыныс айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы: «Заң жобасын екінші оқылымда қарағанға дейін, депутаттарға министрлікпен бірлесіп, заң бойынша жемқорлыққа тосқауыл қоятын ұсыныстар әзірлеу керек. Бұл менің депутат ретінде комитетке ұсынысым».

Сондай-ақ, жаңадан сайланған спикер алдағы уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын нәтижелі жүзеге асыру керек екенін жеткізді.

                                                                                            Мөлдір Июадуллаева