Әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді жетік меңгеруі керек. Өзекті мәселелердің біріне айналған бұл тақырып ҚР Білім және Ғылым министрлігінің де назарынан тыс қалмады. Съезде бас қосқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің ұсынысымен енді мектеп бағдарламасына өзгеріс енгізілмек. Осы бағыттағы ұсыныстарды нақтылау мақсатында Шымкентте дөңгелек үстел өткізілді. Педагогтар қазақ тіліне басымдық беріліп, қате оқулықтар түзетілсе екен деп отыр.
Мектептегі кейбір оқулықтар оқушының психологиясына кері әсер етеді. Осылай деген мұғалімдер бұл олқылықтың орнын толтыруды ұсынды. Педагогтардың айтуынша бағдарламаға едәуір өзгеріс енгізу қажет. Әрі кітап жазуға практик мұғалімдерді де қатыстырған жөн.
Гүлмира Шералыхан, Т.Тәжібаев атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
«Пәтер іздеп жүр едім шығармасы беріледі оныншы сыныпта. Бұл күнделікті өмірдегі пәтер іздеп жүрген Алматыдағы жетім бұрыш туралы айтылады. Бірақ нәтижесінде балалардан сұрағанда осындай қандай ой түйдің дегенде балалардың бәрі мына уүлкен өмірге аяқ басудан қорқып, өмірдегі үлкен проблемадан тұрады деген ой түйгендерін айтты»
Балаларға өмірден түңілтетін емес керісінше құштарлық оятатын шығармалар қажет. Сондай-ақ мектеп бағдарламасын оқушылардың деңгейіне сай етіп жасаған жөн.
Сондай-ақ педагогтар әр бала қазақ тілінде еркін сөйлеуі қажет деп есептейді. Ал ол үшін қажетті жағдай жасалуы керек. Шымкенттің бас ұстазының айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік тілдің бүгіні мен болашағы үшін өзекті саналатын мәселелер назардан тыс қалмайды.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:
«Кез-келген бала орыс мектебіне барған кезде орыс тілінде сайрып, тілі дамып шығады. Ал сол орыс сыныптарындағы балаларымыздың қазақ тілін 11 жыл оқып меңгере алмай шығуы кездесіп жатады. Осы мақсатта жұмыс істеуіміз керек».
Айта кетейік, бұған дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің қатысуымен республикалық съез өткен еді. Жиында бұл саладағы ең маңызды мәселелер анықталған болатын. Ал енді елдегі 17 өңірде дөңгелек үстел ұйымдастырып, ұсыныстар нақтылануда.
Мөлдір Ибадуллаева