Коронавирустық инфекциядан сақтану жолдары..

125

 

Жаңа коронавирустық инфекция (COVID-19) жедел респираторлық вирустық инфекциялар тобына жатады. Инфекцияның қоздырғышы — коронавирустар. Инфекция көзі аурудың клиникалық көріністері бар науқастар және аурудың жасырын түрлері мен симптомсыз вирус тасымалдаушылары болып табылады. Аурудың алғашқы күндері жұғу қауіптілігі өте жоғары.

Коронавирус негізінен ауа-тамшылы арқылы (жөтелгенде, түшкіргенде және 2 метрден аз қашықтықта сөйлесу) және қарым қатынас арқылы (қол алысу кезінде және басқа ластанған беттер мен заттар) беріледі.

Ауруға шалдыққан науқастарда жиі кездесетін коронавирустың негізгі клиникалық белгілері жоғары температура (90%), жөтел (80%), ентігу (55%), ұйқышылдық (44%), кеуде қуысының бітелуі (20%).

Пациенттердің 80% — да ауру жеңіл түрде жүреді, ең ауыр түрлері егде жастағы науқастарда (60 жас және одан жоғары) дамиды. Ауру қант диабеті (20%) артериялық гипертензия (15%) және басқа жүрек-қан тамыр аурулары бар науқастарда жиі кездеседі.

Қант диабеті, семіздік, 65 жастан асқан қарттар, АИТВ иммунотапшылығы жағдайының болуы, онкологиялық аурулар, созылмалы жүрек және өкпе аурулары бар адамдар қауіп тобына жатады. Сонымен қатар, қауіп тобына медицина қызметкерлері, сондай-ақ қоғамдық көлік қызметкерлері, сауда және қоғамдық тамақтану нысандарында жұмыс істейтін адамдар кіреді. Себебі, көптеген адамдармен тығыз байланыста болғандықтан, оларда коронавирустық инфекцияның ауыр ағымда өту қаупі бар.
Алдын алу іс-шаралар негізінен инфекцияның таралуына жол бермеуге бағытталған. Қазіргі таңда елімізде инфекцияның алдын алудың негізгі тиімді шараларының бірі – вакцинациялау жұмыстарының жүргізілуі.

Вакцинациялауды қолданудың негізгі мақсаты аурудың ауыр түрлерінің ықтималдығын азайтуға бағытталған. Адамдар арасында вакцинация жүргізу арқылы індеттің төмендеуі күтілуде.

Бұл аурумен сырқаттанып қалмау үшін, үйде жеке гигиена ережелерін сақтау, қолды сабынмен жиі жуу, залалсыздандыру заттарын, бір рет қолданылатын майлықтарды қолдану, үнемі дымқыл тазалау жүргізіп отыру керек.
Қоғамдық орындарда жеке гигиена ережелерін және қауіпсіз қашықтықты қатаң сақтау керек. Адамдармен қол алыспаған жөн.
Бір реттік медициналық бетперделерді қолданғанда әр 2 сағат сайын және ластанған жағдайда ауыстырып отыру керек.
ЖРВИ клиникалық симптомдары байқалса, инфекцияның асқынуы мен таралуының алдын алу мақсатында тез арада медициналық көмекке жүгіну қажет.
Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз!

Б.Мусаева,

Шымкент қаласы СЭБ
департаментінің бөлім басшысы