Шымкентте көршісінің үйіне ұрлыққа түскен азамат 600 мың теңгеден аса қаржыны қолды етпек болған. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданыпты. Жәбірнеушінің сөзінше, көршісі түнгі сағат 21:30 шамасында үйінің ашық қалған есігі арқылы заңсыз кіріп, құны 250 мың теңгені құрайтын алтын бұйымдарын және 360 мың теңгесін қолды етпек болған.
Мұны байқаған азамат ұрлықтың үстінен түскен. Бірақ ұрыны ұстау қиынға соққан көрінеді. Бірден“102”-ге жүгініпті.
Хабарды алған Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері оқиға орнына жедел жетіп, қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Ұсталған күдіктінің жеке басын анықтап, басқармаға жеткізді.
Ол 53 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі кезде оған қатысты ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Мөлдір Ибадуллаева