«Күміс жас» жобасы кімге арналған?

510

Аға буын атанған шақта жұмыссыз қалған азаматтарға еңбекке қайта орналасу оңай емес. Осы өзекті мәселені шешу үшін зейнет жасына жетіп қалған адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Күміс жас» республикалық жобасы іске асырыла бастады. Былтыр пилоттық жоба Қарағанды облысында сынақтан өтсе, ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік бағдарлама ретінде барлық өңірлерде қолданылмақ

Нәлібек Сайлауұлы базар ашылғалы мына дүкенде жұмыс істейді. 62 жастағы жерлесіміз «осы жерден зейнетке шығармын, оны уайымдамаймын. Тек жасы келіп жұмысқа орналаса алмай жүргендердің тағдырына алаңдаймын»,- дейді.
Нәлібек Сайлауұлы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Күміс жас» жобасы жайлы  оқыдым, телевизордан көрдім, өте жақсы бағдарлама. Зейнет жасына  таяп қалғандарға кәсіпорындар жұмыс бере бермейді ғой. Ал, мына жаңа  жоба бойынша мемлекет жұмыс берушілерге субсидия беріп, ынталандырып жұмыссыз жүрген зейнет жасына жақындап қалған адамдарды жұмысқа алады».

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жоба бойынша субсидияланған жұмыс орындары құрылады. Ал «Күміс жас» жобасы аға буынға жұмысқа орналасуға көмектеседі. Зейнеткерлік жасқа дейінгі жұмыс іздеушіні қабылдауға ниет білдірген жұмыс беруші, оның жалақысының 50 пайызын ғана төлейді. Ал қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады.

«Күміс жас жобасы» бойынша  жұмысқа орналасқан зейнет жасы жақындап қалған адамдардың жалақысының  50 пайызы мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Яғни, айлығы 100 мың болса, оның 50 пайызы мемлекет тарапынан төленеді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді»-дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының Абай ауданы бойынша бөлім басшысы Самат Асанов.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін жерлестеріміз мекен жайы бойынша орналасқан жұмыспен қамту орталықтары бөлімдеріне немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет.

Айта кетейік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасы негізінде зейнеткерлік жас алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылып, еліміз бойынша 20 мың адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.

Шынар Оразова