Шымкентте «Мемлекеттен қайтарымсыз қаражат шығарып беремін» деп алаяқтық жолмен жарты миллион теңге алған азамат ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 25 жастағы күдікті жәбірленушіге мемлекеттік бағдарлама арқылы 5 млн. теңге алып беремін деп сендірген.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына «102» арнасы арқылы жергілікті тұрғын арызданған. Айтуынша, бейтаныс азамат кәсіп бастау үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы 5 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат шығарып беремін деп сендірген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеу үшін 500 000 теңге керектігін айтып есепшотына аудартып алған. Алайда, арада уақыт өте телефон қоңырауларына жауап бермей, не ақшасын қайтармай ізін суытыпты.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркелген. Криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, 25 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы орайда, шымкенттік тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды, бейтаныс азаматтарға артық сенім білдірмеу керектігін қатаң ескертеді.
Мөлдір Ибадуллаева