ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі отандық автомобильдерді халыққа қолжетімді ету үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлу мәселесін қарастыруда.
Алдағы уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халыққа жеңілдікпен автонесие берудің жаңа бағдарламасы әзірленеді.
Министрліктің мәліметінше, бүгінде «Бірінші отбасылық автомобиль» кіші бағдарламасын іске қосу көзделіп отыр. Бұл көп балалы отбасыларды, күш құрылымдары қызметкерлерін, дәрігерлер мен мұғалімдерді қолдау үшін ұсынылған.
Айта кетейік, автонесиелеу бағдарламасы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр. Ол 20 жылға есептелген және «револьверлік» әдіске негізделген. Қаржыландырудың жалпы шегі — 82 млрд теңге.
«Бағдарлама іске асырылған сәттен бастап револьверлік-қайтарымды қаражатты ескере отырып, 159 млрд теңгеге 30 525 қарыз берілді. Қазірдің өзінде 80 мыңға жуық адам отандық автокөліктерді сатып алған. Шартқа сәйкес, көлік Қазақстанда құрастырылған болуы және бір машинаның құны 15 млн теңгеге дейін болуы тиіс. Несие мерзімі — 7 жыл. Ал соңғы қарыз алушы үшін номиналдық сыйақы мөлшерлемесі жылдық 4%-дан аспауы керек»,-деп көрсетілген ведомствада.
Бұл бағдарламамен елімізде құрастырылған Hyundai, KIA, JAC, Chevrolet және LADA сияқты автомобильдер қолжетімді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта бұған дейін іске асқан жеңілдетілген автонесие бағдарламасын Ұлттық Банк тарапынан қаржыландыру тоқтатылған. Осыған байланысты ИИДМ қаражат алудың жаңа көздерін іздестіріп жатыр.
Мөлдір Ибадуллаева