Мемлекеттік бағдарлама аясында салынған мектеп құлағалы тұр

164

Түркістан облысында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған ауыл мектебі қирағалы тұр. Мектептің едендері бүлініп, қабырғаларында жарықтар пайда болған. Директордың айтуынша, күзде сыныптарды жаңбыр суы өтіп, қыста балалар әбден тоңып қалатын көрінеді.

Майбұлақ ауылындағы білім беретін мектептің спорт залында дене шынықтырумен айналысу мүмкін емес. Едендегі тесіктер қорқынышты көрінеді. Ал балалардың ол жерде шынығуы қауіпті дейді мұғалімдер.

Нұрмахан Байзалиев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: «Қыста оқушылар осында ойнауға мәжбүр. Мұндағы апатты жағдай сабақ өткізуге мүмкіндік бермейді. Балалар сүрініп, құлап кетеді. Аяқтары жарақат алған бірнеше жағдай болды».

Бұл білім ошағы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған. Ғимараттың бой көтергеніне 12 жыл болыпты. Директордың айтуынша, мектептің құрылыс жұмыстары бастапқыда нашар жүргізілген. Содан бері бұл мәселе талай рет көтерілгенімен шешімін таппапты.

Әшімхан Балабеков, Майбұлақ орта мектебінің директоры: «Мәселені 12 жылдан бері айтып келеміз. Біздің сыныптар қыста ешқашан жылы болмады. Жаңбыр жауғанда немесе қар ерігенде, кейбір сыныптар суға батып кетеді, сондықтан бес сыныпқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді».

Негізі талап бойынша әр терезенің астында 24-25 радиатор батареясы болуы керек. Ал мұнда тек бес батерея қойылған. Салдарынан сыныптар жылымайды. Сонымен қатар, мектепте ауыз су жоқ. Сондықтан дәретханалар жұмыс істемейді. Алайда, аудандық адам әлеуетін дамыту бөлімі білім ошағына қандай жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екенін әлі ойланып, қарастырып жатқан сыңайлы.

Мұқағали Садық, Бәйдібек аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы: «Күрделі жөндеу қажеттілігіне қарай жүргізілетін болады. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде».

Облыс басшылығы алдағы уақытта мамандар ғимараттың техникалық жағдайы бойынша тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Мектепті жөндеуден өткізу ағымдағы жылдың жоспарында бар. Бірақ жазғы демалысқа дейін емес. Ал осы аралықта мектептегі екі жүзден астам бала, оқуын дәл осы сапасыз ғимаратта жалғастыруға мәжбүр.

Мадина Мамыр