Бәйдібек би даңғылы мен Ұ. Арғынбеков көшесінің қиылысында жолайырықтың құрылысы жүргізілуде. 1-ші кезеңіне жауапты мердігер мекеме – «Казахдорстрой» ЖШС-і. Құрылыс аумағының ұзындығы Бәйдібек би даңғылы бойынша — 700, Ұ. Арғынбеков көшесі бойынша – 921 метр нысанды ағымдағы жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Жобаның сметалық құны 11,4 млрд. теңге.
Бәйдібек би мен Ұ. Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының бірінші кезеңі басталды. А. Байтұрсынов көшесіне дейінгі аралық көлік қозғалысы үшін жабылып, «Казахстройдор» серіктестігі құрылысқа 30-шы қаңтарда кіріскен. Содан бері жүріп тұруымыз қиындап кетті дейді осы төңіректегі тұрғындар.
Рая Төлепбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Көшені жапқаны өте ыңғайсыз болды. А. Байтұрсынов көшесінде тұрамыз, екі-аялдама «Изумиге» дейін жаяу жүріп келеміз. А. Байтұрсынов көшесінде үш автобус жүреді. Қалаға баруымыз керек. Тағы да автобус жүргізсе жақсы болар еді. Әсіресе бала-шаға, оқушылар қиналып жатыр. Мүмкін болса екінші жақтағы жаяу жүргіншілер жолын ашып берсе».
Қазір бұл аймақта қазу жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Өздеріңіз байқағандай техника жұмыс істеп жатыр. Құрылыс басындағы учаске бастығының айтуынша жолға төселген асфальт қабаты толығымен алынады. Сосын құрылысшылар жерді қазу жұмыстарына кіріседі екен.
Қуаныш Алмаханбетов, мердігер компанияның учаске бастығы: «Құрылыс барысында қала тұрғындарына ыңғайсыздықтар туғызғанымызды түсінеміз. Алайда, біз осы төңіректе тұратын, жұмысына келетін азаматтарға барлық жағдайды жасауға тырысудамыз. Көшенің мына бөлігінде жаяу жүргіншілерге арналған жол ашық. Көлік тұрағына учаске бөліп, уақытша жол да салып бердік. Бұл ыңғайсыздықтарға түсіністікпен қарауларыңызды сұранамыз. Бұл қаламыз үшін аса маңызды нысан».
Құрылысшылар 3 деңгейлі көлік жолайырығының осы аумақтағы көліктің өту мүмкіндігін арттырып, кептелісті азайтуға оң әсері болатынына сенімді. Құрылыс барысында Ұ. Арғынбеков көшесінде тіреу қабырғасын салу, туннель бойынша жер жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Екінші деңгейі — айналма жол, үшінші- Бәйдібек би көшесіндегі жол желісі. Құрылысшылар биылғы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, Ұ. Арғынбеков көшесін қозғалыс үшін ашуды жоспарлап отыр.
Шынар Оразова