Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары наразы…

167

Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Көксәйек ауылында орналасқан әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ем алып жатқан балалардың ата-аналары бас көтерді. Сөздерінше, мекемені басқа қалаға ауыстырмақ екен. Ал ата-аналар «жаңа» мекеменің бұрынғы тубдиспансер екенін айтып, балаларын жылы орнынан қозғауға қарсылық танытып отыр. «Онсыз да жарымжан баламызға тағы да ауру жамайды» деп ашыннып отыр аналар. ған жандардың уәжін тілшіміз тыңдап қайтты.

Ұлы Көксәйек ауылындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсететін мектеп -интернатта 3 жылдан бері ем алатын Айгүл Сатыбалдиева, мекеменің Кентау қаласына көшірілетінін естігелі дегбірі қашты. Бұл өзгеріске жан ұшыра қарсылық білдіріп жүрген ананың айтуынша, сөйлей алмайтын, тіпті өздігінен жүре алмайтын 14 жастағы ұлының бұл мекемеге де бейімделуіне ұзақ уақыт қажет болған.  Сондықтан онсыз да тағдырдың теперішінде жүрген балаларды басқа орынға ауыстыру, оларға орасан зор психологиялық соққы болады деп уайымдайды.

Айгүл Сатыбалдиева, ата-ана: «Директор біртіндеп қабылдады әрқайсымызды, бір-бірімізге қоспады. Экологиясы нашар, завод, зәк бар. Одан кейін балалар туберкулез орынға барса, өздері жарымжан балдар, мазақ қой ол. Одан гөрі бір-бір укол сап, өлтіре салсын балаларды! Бұл жер таза ауа өздерінің денсаулығына жақсы осы жер».

Перзенттерінің тағдырына алаңдаған ата-аналар осымен үшінші рет жиналып отыр екен. Олармен қатар, мекеменің жабылуына мұндағы мектеп мұғалімдері де қарсы көрінеді. Олар айдың-күннің аманында жұмыссыз қаламыз деп уайымдап отыр. Себебі басшылық басқа жұмыс іздей беріңдер деп ашық айтқан. Ұстаздар емделушілердің де тағыдырына алаңдайды. Сөздерінше, мұндай дигноздағы балалардың өзге ортаға, басқа мұғалімге үйренісуіне өте ұзақ уақыт қажет.

Динара Жандарова, «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ мұғалімі: «Бізге негізі осыдан 2-3 ай бұрын ескертілді осы мекеменің көшірілетіні. Қаулы шығып қойған деп айтты, әріптестер де тұр ғой. «Әрекеттеріңізді жасаңдар» деді, содан біз басқа жақтағы мекемелерден іздеуге  дайындықта болдық та. Мысалы дәл қазіргі өзімнің жағдайымда отбасымда мен ғана жұмысшымын. Өз басымда мысалы кредит бар. Мен олардың жұмыспен қамтимыз дегеніне өз басым сенбеймін».

Айғаным Сейітова, «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ мұғалімі: «Тәрбиешілер, мұғалімдер, мекемедегі барлық қызметкерлер әбден төселген мамандар. Кем дегенде бәрінің еңбек өтілі 10 жылдан жоғары. Енді бұл балалар Кентауға барса, осындай машықты мамандар бар ма ол жақта?! Ол балалардың жағдайы қалай болады? Бұл мекеме о баста бұл балалар деп құрылғандықтан балалардың осы жерде қалғаны ата-аналарға да, балаларға да және жалпы осы төңіректегі ауыл тұрғындарына да жақсы».

Осы уақытқа дейін ашынған ата-аналарға жауап беруден бас тартып келген мекеме директоры жиналғандарға жауап беруге келісті әйтеуір. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетуге арналған мекемені көшіру мәселесі әлі нақты шешілмегенін, іс тек жоспар түрінде тұрғанын айтты. Директор, қазірше мектеп-интернаттың жұмысы әрі қарай жалғаса береді дейді.

Ләззат Есназарова, «№4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры: «Нақты шешім жоқ, жұмысымызды жалғастырамыз.  Қаулы шықты деп айтқаным жоқ, қаулы шығатын болса, — ұжым солай айтып тұр ғой- енді олар дұрыс түсінбеген болып тұр ғой! Жоспар бойынша Кентау қаласына көшіру болған, әлі шешім шықпағандықтан Кентау қаласына көшірілмейді. Жұмысымызды ары қарай жалғастырамыз».

Ал аудан әкімінің орынбасары облыс әкімдігіне ресми хат жолданғанын айтты. Ал келген жауапта «ешқандай шешім қабылданбады» делінген екен.

Сержан Дүйсебаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары: «Өткенде біз естідік Кентау қаласына көшеді екен деп, Әлеуметтік жұмыспен қамту  сондай ұсыныс болған тұғын. Облыс әкімінің орынбасарына хат жібердік, қазір ешқандай шешім қабылданбаған, Кентауға көшірілмейді. Көшпейді, нақты айтамын!».

Ата-аналар аталған мекемеде қызметкерлердің науқастарға жақсы қарайтынын, жағдайдың да қолайлы екенін айтады. Алайда, түсірілім тобының кіріп көруіне директор үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Ата-аналардың ендігі тілегі — перзенттерін жылы орнынан ешкім қозғамаса дейді. Алайда, басшылық айтқан шешімге әлі де сенбей отыр. Дегенмен, жан ұшырған ата-аналармен бірге, мекеме мұғалімдері де, тіпті ауыл тұрғындары да ғимаратты басқа қалаға көшіруіне жол бермейміз деп бекініп отыр. Егер, жауаптылар шешімін өзгертсе, перзенттерін алып, тіпті мемлекет басшысының алдына баруға да дайынбыз дейді.

Гүлдана Дәурен