Қазақстанда мұқтаж отбасыларға коммуналдық қызмет үшін жеңілдік беріледі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі мәлімдеді. Нақты қанша берілетіні әзірге белгісіз, жоба енді ғана әзірленіп жатыр. Бірақ бұл қазақстандықтарға қажет екені анық. Қарапайым халық пен еріктілер тамақ пен киім-кешекке қана емес, коммуналдық төлемдерге де көмектесу керек деп есептейді.
Шымкент тұрғыны Әйгерім Асанованың бес баласы бар. Ең кішісі небәрі 4 жаста. Жалғыз басты ана қазір балаларына берілетін 60 мың теңге жәрдемақымен ғана күнелтіп отыр. Мұның жартысынан көбін жалдамалы пәтер ақысын төлеуге жұмсайды. Коммуналдық қызмет те аз ақшаны талап етпейтіні белгілі
Әйгерім АСАНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жалпы 50-55 мың теңге жұмсаймыз, қыста коммуналдық қызмет қымбат – 15-18 мың теңге, ең қымбаты электр энергиясы 10 мыңдай, жартылай көмек алсақ, әрине, көп қолдау болар еді».
ҚР Премьер-министрі үкіметтің алдағы жоспарын жариялады. Енді елде мұқтаж отбасыларға коммуналдық төлем үшін жеңілдік жасалмақ. Әлихан Смайыловтың сөзінше, алдағы уақытта мұндай азаматтар жеке санатқа орналастырылады екен.
Ал қайырымдылық қорының жетекшісі Гүзал Әуелбекованың айтуынша күнін әзер көріп жүрген жанұялар аз емес. Мәселен қор мұқтаж отбасыларды киім-кешек және азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Алайда еріктілерден комуналдық қызмет ақысын төлеп беруін сұрайтындар да баршылық.
Гузаль Әуелбекова, «Ана жолы» қорының жетекшісі: «Мұқтаж отбасылармен жұмыс істегеннен кейін олардың жағдайын жақсы білеміз. Қазір әрең күн көріп жүргендер жетерлік. Көбі біздің еріктілерден жарық, газ, судың ақшасын төлеп беруін сұрап жатады. Мысалы, саяжайда пәтер жалдап тұратын көпбалалы отбасын білемін. Олардың газдан қарызы 117 мың теңгеге жеткен. 7 балалы отбасының мұны төлеуге жағдайы жоқ. Егер бұл жоба қолға алынса комуналдық қызметке төлеген ақшасына азық-түлік сатып алар еді».
Дегенмен тұрмысы төмен отбасылардың басым бөлігі коммуналдық төлем ақысын уақытында өтеуге тырысады екен. Өйткені қақаған аязда қарызға батып, жылусыз қалғысы келмейді.
Сала жауаптыларының сөзінше, борышкерлерлердің көбі жеке тұтынушылар емес, ауқатты адамдар болатын көрінеді.
Ербол Балқыбеков, «Энергопоток» ЖШС жетекші инженері: «Тұрмыстық тұтынушылар 392 млн. қарыз, тұрмыстық емес тұтынушылар 417 млн. қарыз. Осының ішіндегі ең көп берешегі бар бюджеттік мекемелер. Олардың қарызы 237 млн. теңге. Ал комерциялық обьектілеріміз 76 млн. қарызы бар».
Айта кетейік, Қазақстандықтар үшін коммуналдық қызметке қандай жеңілдіктер қарастырылып жатқаны әзірге белгісіз. Бүгінде ел үкіметі бағдарламаның жобасын дайындап жатыр.
Мөлдір Ибадуллаева