Қабылдау барысында баладан қатерлі ісік анықталды

169

15 Ақпан – онкологиялық дертке шалдыққан балалар күні. Атаулы күнге орай Асардағы балалар ауруханасында онкологтар қабылдау жұмыстарын жүргізіп, медициналық кеңес берді. Айтулы шараға Түркістан облысынан келген балалар да қатысып, тексеруден өтті. Олардың арасында тіпті ауыр жағдайдағы науқастар анықталып, ауруханаға жатқызылды.

Қалалық клиникалық балалар ауруханасының ұжымы бүгін «Ашық есік» күніне келген кішкентай пациенттер үшін мерекелік көңіл күй сыйлап, түрлі сыйлықтар тарту етті. Онкогематолог шара барысында балғындарды қабылдап, қатерлі дертке күдігі бар науқастарға медициналық кеңес берді.

Түркістан облысынан келген Ақмарал Қыдырбаева да бүгін бір жасар қызын дәрігерге тексертіп, диагнозын нақтылауға мүмкіндік алды.

Ақмарал Қыдырбаева, Түркістан облысының тұрғыны: «Қазғұрт ауданынан арнайы келдім. Баламнның тромбоциты көбейіп кеткен еді. Салдыранн онкогематологтың кеңесі қажет болды. Бүгін анализдердің барлығын тапсырып, баламда қатерлі дерт жоқ екенін анықтай алдым».

«Ашық есік» күнінде дәрігерлер 35 баланы қабылдап, медициналық көмек көрсетті. Арасында ауыр жағдайдағы пациенттер де анықталып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды. Салаға жауаптылардың сөзінше, елімізде жыл сайын 600-ге жуық балаға қатерлі ісік диаонозы қойылады. Жаман ауруға шалдыққандардың арасында көбіне лейкемия ауруы кездеседі.

Қанда кездесетін бұл қауіпті дертті шымкенттік дәрігерлер өздері анықтап, емдеу жұмыстарын қалалық клиникалық аурухана базасында жүргізуде.

Жеңіс Сарсенов, Онкогематология бөлімінің меңгерушісі: «Шымкент қаласы бойынша 166 бала есепте тұрса, 2021жылдың қортындысымен 68 бала есепке алынған. Ем қабылдаған есептегі балалар әр 3 ай сайын дәрігерге қаралып тұруы қажет. Бұл балаларды онкогематолгия бөлімінде емдеудеміз. Ашық есік күнінде балалар да ісіктің түрлі түрлері кездесіп жатты. Соған сәйкес ем тағайындадық».

Айта кетейік, балалар ауруханасында өткен «Ашық есік» күнінде қаланың бас онкохиургы бөлімшеде жатқан ауыр жағдайдағы науқастарды да тексеріп, кеңес берді. 2022 жылдың балалар жылы деп жариялануына орай, мамандар мұндай профилактикалық тексеру жұмыстарын тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр. Сол арқылы мамандар қатерлі дертке шалдыққан балалардың ауруын ерте сатысында анықтауды қолға алмақ.

Лаура Нақыпқызы