Қала әкімінің орынбасары тұрғындармен кездесті

43

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков апта сайын тұрғындарды онлайн түрде қабылдап, олардың өтініш-талаптарының орындалуын бақылауға алып келеді. Бұл өз кезегінде халық пен билік арасында тікелей қарым-қатынастың нығайып, түйткілді мәселелердің заң аясында оң шешілуіне септігін тигізуде. Санитарлық талапқа сай қашықтан өткізіліп жатқан қабылдау бұл жолы офлайн кездесуге жалғасты.

Үш сағатқа жуық кездесуде қала басшысының орынбасары тұрғындардың арыз-шағымдары, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Негізгі сұрақтар тұрғын үй және жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өзекті мәселелері болды.
Қала басшылығымен кездесуде болған тұрғынның бірі Мадина Тайжанова. 3 баласы туа бітті ауыр созылмалы ауруға шалдыққан. Ерекше балаларды асыраушы ана медициналық мекемелерден тегін берілетін препараттардан бөлек емге тиімді қымбат бағалы «Сабрил» препаратын сұрауда. Алайда, Шымкент қаласы бойынша денсаулық сақтау саласында бұл дәрі-дәрмек тіркелмеген. Қала әкімінің орынбасары аталмыш сұрақ бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдамақ.
Кездесу барысында Ерғали Білісбеков нақты сауалдар бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен тікелей телефон арқылы сөйлесіп, тұрғындардың өтініштерін жеткізді. Ал, жергілікті деңгейде шешімін табуға тиіс сұрақтар бойынша қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен басқа да жауапты сала басшылықтарына нақты әрі белгіленген уақыт ішінде жүзеге асыруға бірқатар тапсырмалар берілді.
Жиналған қауым қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, тұрғын үй басқармасы басшылары мен қызметкерлерінің дөрекілігіне, халықпен сөйлескенде ашушаңдыққа бой алдыратындығын айтып шағымданды. Көп жағдайда әкімдікте өтетін жиналыстан босамайтындарына наразы. Ерғали Дәулетбекұлы бұл шағымға байланысты басқарма басшыларға ескерту жасады.
Тұрғындар мүгедектікті тағайындайтын медициналық әлеуметтік сараптама жұмысына қатысты да талап-тілектерін жеткізді. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстарын хат жүзінде жолдауларын және алдағы уақытта процедуралар мен ережелерге қатысты мүмкіндігі шектеулі жандардың өтініштерін бірге қарайтынын атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары бір айдан соң дәл осы тұрғындарды қайта қабылдап, мәселелерінің шешілу нәтижесін зерделейтін болады.
QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі