Қазақстандықтар қаржылық пирамида кесіренен 54 млрд. теңге ақшасынан қағылды. Бүгінде байып кетуді көздеген 30 мыңнан астам адам қаржы пирамидаларына инвестиция салған. Дегенмен, тез пайда табу мүмкіндігіне әлі де сенетіндер баршылық.
«Алаяқтардың белсенді жұмыс жасауы экономикалық жағдайдың, сондай-ақ, халықтың инвестицияға қызығушылығының артуына байланысты. Нәтижесінде қаржылық пирамидалар өздерін аса табысты инвестиция саласында табысты ұйым ретінде көрсетеді», — дейді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов.
Ішкі істер министрлігінің айтуынша Garant 24 Lombard-қа мыңдаған қазақстандық инвестиция салған. Алаяқтар жылжымалы және жылжымайтын мүлікті нарықтық бағадан 15-20 пайызға жоғары бөліп төлеу шартын ұсынған. Меншік құқығын тіркегеннен кейін жәбірленушілердің мүлкі нарықтық бағадан төмен сатылып келген. Сондай-ақ, олар қарапайым халықтан 30-40 пайызбен депозит қабылдаған.
«Бір жағынан қарағанда, «Questra World» ЖШС-нің жетекшілері инвестицияланған соманың 300%-ға дейін жоғары қайтарымына кепілдік бере отырып, инвесторларға виртуалды валютаны пайдаланып құны 90 мыңнан 500 мың еуроға дейінгі жалған инвестициялық портфельдерді сатып алуды ұсынды. Сонымен қатар, пирамидаларды жасаушылардың 100 пайыз көлемінде дивидендпен қолма-қол ақша төлеу шартымен инвесторларды тартумен айналысқан мысалдары бар», — дейді ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов.
Бүгінде алаяқтардың саны күн санап артып келеді. Мәселен, 2020 жылы пирамида бойынша 149 қылмыстық іс сотқа жолданған болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 213-ке артқан. Қылмыстық жауапкершілікке 126 адам тартылып, оның 38-і сотталған, қалғандары бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары 3 млрд теңгеден астам ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті тәркілеген.
«Алаяқ елден үлкен джекпотпен кетіп қалады, ал инвестор болғысы келетіндер ақшаны қайтару мүмкін болмайтынын түсініп, құқық қорғау органдарына арыз жазады», — дейді ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов.
Депазитке ақша салған адамдардың басым бөлігі бұл компаниялардың қызметі туралы біле бермейді. Алаяқтардың кейбірі жәбірленуші арыз жазбай тұрып-ақ шетелге қашып кеткен. Ал, шабуылшылар заңды микроқаржы ұйымдарына, букмекерлік кеңселерге, тұтыну кооперативтерінің және жабық инвестициялық қорлардың артына тығылады.
«Сіз пирамиданы ажырата білуіңіз керек. Біріншіден, олар клиентке сыйақы береміз деп айтады, Екіншіден, жоғары табысқа кепілдік береді. Егер біреу кепілдік берсе, онда олар алаяқтар. Бұны білу өте оңай», – дейді ҚР ІІМ тергеу басқармасының бастығы Санжар Әділов.
Қазақстанда блогерлер, актерлар, әншілер мен спортшылар халықты жиі ақша салуға шақырады. Ал Ішкі істер министрлігі оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек дейді. Бұл ұсыныс қазірдің өзінде прокуратураға жолданған. Ал сала жауаптылары, тез баюды көздегендер алаяқтардың құрбаны болуы әбден мүмкін дейді. Сондықтан мұның дұрыс емес екенін әрбір қазақстандық түсінуі керек.
Мөлдір Ибдауллаева