«Жемқорлықтың тамырына балта шабу керек». Осылай деген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. «Халық айтса қалт айтпайды» деген қазақтың нақылын мысал ете отыра, шенеуніктердің әлі де пара алып жүргені өтірік емес деді.
Бұл мәселе Мемлекет басшысының қатысуымен өткен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінде талқыланды. Қазіргі таңда соттың сапалы қызмет көрсетуі үшін нақты шаралар қабылданып жатыр екен. Мәселен, соңғы үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылған, кейбірінің лауазымы төмендетілген.
Ал жаңадан құрылған әкімшілік сотқа жарты жылдың өзінде 14 мың талап-арыз түсіпті. Мұның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан көрінеді. Бұл статистика да судьялардың жұмысына күмән туғызады.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша пара алғаны үшін сотты болған азаматтарды мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынған. Бұл да жемқорлықты болдырмау үшін жасалған шара. Алайда, бармақ басты көз қысты әрекетке баратындарды бұл талап та тоқтата алмай тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде».
Мемлекет басшысының пікірінше, құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мүлде мүмкін емес. Бірнеше жыл бойы олар мәселені терең зерттемей тұрып, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап келген.
«Әртүрлі адам бір лауазымды атқарып отырып, бірдей мәселелерді шешкені үшін кінәлі деп танылған. Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған.
Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себепт пен жағдай ешкімді қызықтыра қоймаған. Тек соңғы жылдары ғана осы мәселеге назар аударыла бастағаны байқалады»,-дейді Тоқаев.
Кеңес соңында, ел Президенті жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындаған кезде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қорытынды анықтамасын міндетті түрде талап ету қажеттігін айтты.
Мөлдір Ибадуллаева