ҚР Парламентінде Мәулен Әшірбаевтың төрағалығымен сенаттың жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша, ең алдымен Ұлттық банк төрағасы тағайындалды. Сондай-ақ, кейбір заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал жиын соңында халық қалаулылары депуттатық сауалдарын жолдады.
«Қазақстан импорттық өнімге тәуелді». Осылай деген сенат депутаты Бауыржан Қаниев халықты азық-түлікпен қамтуды тұрақтандыру үшін резервтік қор құруды ұсынды.
Статистикаға сүйенсек, елімізге сүт өнімдерінің 23% -і, құс етінің 38%-і , ал шұжық өнімдерінің 44%-і шет елден импортталады екен. Сондықтан, халық қалаулысы отандық шаруашылықты дамыту керек дейді.
Бауыржан Қаниев, ҚР Парламенті сенатының депутаты: «Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік астық ресурстарын және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін қалыптастыру, сақтау және пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан бекітуді ұсынамыз».
Сондай-ақ, Сенат отырысында депуттатық сауал жолдаған Нұрлан Бекназаров Ішкі істер органы қызметкерлерінің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Себебі олардың 28 пайызы баспанасыз жүр екен.
Ал, 2019 жылдан бері құқық қорғау орган өкілдеріне коммуналдық шығын үшін айына 3739 теңгеден беріледі. Бірақ, бұл қызметке орташа есеппен 18-20 мың теңге қажет. Тіпті, олардың жалақысы бірде-бір рет өспеген көрінеді.
Бұл жұмысқа деген жауапкершілік пен ынтаның төмендеуіне алып келеді дейді халық қалаулысы.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Праламенті Сенатының депутаты: «Ішкі істер органдарының ведомстволық тұрғын үй қоры жоқ. Сондықтан Ішкі істер министрлігі қызметкерлерге тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы төлеумен шектеледі. Алайда бұл төлемдерді барлық қызметкер ала алмайды. Өйткені тұрғын үй төлемдерін алу үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарының тізбесін Үкімет айқындайды. Соған байланысты бүгінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің 28 пайызға жуығы баспанаға мұқтаж»
Жалпы, сенаттың отырысында күн тәртібіндегі бірнеше мәселе қаралды. Сенат төрағасының айтуынша, мұның бәрі Мемлекет басшысы айтқан «Жаңа Қазақстанда» құруда ең өзекті мәселелердің бірі.
Мөлдір Ибадуллаева