Қазығұрт шағынауданында «Грамад» супермаркеті ашылды

110

Шымкенттіктер үшін қуанышты жаңалық! Қазығұрт шағынауданында «Грамад» сауда орталығының тағы бір жаңа нүктесі ашылды. Супермаркеттің тиімділігі — делдал қызметінсіз өндіруші өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынады. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, азық-түлік сапасы мен бағаларын бағамдап көрді.

Қазығұрт шағынауданында «Грамад» сауда орталығының жаңа нүктесі ашылды. Тұрғындар асыға күткен супермаркет делдал қызметінсіз өндіруші өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынатын бірден-бір орталық. Бұл өз кезегінде бағалардың тұрақтылығына әсер етіп, тұрғындардың жақсы көңіл-күйде сауда жасауына мүмкіндік береді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа сауда орталығында болып, мұндағы азық-түлік тауарының сапасы мен бағадағы тиімділікті атап өтті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Грамадта» осындай әлеуметтік дүкен дейміз ғой, бұл жерде әлеуметтік бұрышы бар. Қалған жері басқа бағамен сатылады. Бірақ біздің әлеуметтік тауарлар өзіміздің отандық азық-түлік, оның сапасына күмән жоқ. Бәріңіз көріп отырасыздар. Неге арзан деп айтқанда, оның бәрі тікелей мына өндіріс шығаратын компаниялармен келісімшартпен. Арасында ешқандай делдалдар жоқ. Соның арқасында осындай баға».

Сауда орталығының ең алғашқы тұтынушысы болып келген Нұрила Садыр азық-түлік тауарының көптігін айтып, таңғалуда. Ол бүгін іздеген затының бәрін тауып, көңілге қонымды бағада базарлық жасап қайтты.

Нұрила Садыр, Шымкент қаласының тұрғыны: «Магазинде таңдау өте үлкен екен. Расында да өзім қарап жүріп, өзіме керек заттың бәрін таба алдым деп айта аламын. Бағалары өте биік, жоғары деп айта алмаймын. Бағалары өте жақсы, кәдімгі магазиндегідей».

Мұндағы тағы бір ерекшелік – сөредегі тауарлардың жартысын сауда орталығының өздері өндіріп, сатылымға шағарады. Мәселен, макарон, жартылай фабрикаттар, кондитерлік өнімдер өндіріледі. Жалпы сауда орталығында 12 мыңнан аса тауар түрі тіркелген.

Шерхан Қалдыбек, «Gramad» сауда орталығының директоры: «Бұл жерде біз 35 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп жатырмыз. Бұл жерде акимат жағынан әлеуметтік маңызы бар бекітілген 19 тізім бар. Соның бәрі сақталып жатыр бағасы, сапасы».

Егер де сапасы жоғары азық-түлік алып, қолжетімді бағада базарлық жасағыңыз келсе,«GraMad» супермаркетіне асыққаныңыз жөн. Мекенжайы Қазығұрт шағын ауданы, Ермексу көшесі 32 «Б» орналасқан.

Әлихан Файызханов