Қырыққабат өткізудің жолдары талқыланды

106

 

Негізгі табысы ауыл шаруашылығы саласы саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарының шаруалары үшін еккен егін мен жиналған өнімнің зая болмағаны аса маңызды. Өйткені, өнімнің мол болуы, нарықта жоғары бағада сатылуы – әлеуметтің әлеуетінің артуына тікелей әсер етеді.

Осыған орай Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Өтеғұлов Арман Кәрімұлы бастаған делегация Мақтарал ауылдық округіне қарасты Есентаев елді мекенінде Жетісай және Мақтаарал аудандарының дихандарымен кездесті. Мақсат – мырзашөлдік шаруалармен кездесіп, ерте пісетін қырыққабат өнімін тиімді бағада өткізу нарықтарын айқындау және ортақ келісім жасау болып табылды.

Кездесуге БҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Батырниязов Жұмакелді Жолдыбайұлы, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Умашев Денис Молдағалиұлы, БҚО Теректі ауданы әкімінің орынбасары Досмақов Ержан Нұржанұлы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырахов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Махамбетов пен Жетісай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Абуов, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Сұлтанханов пен Мақтаарал ауданы мәслихатының депутаты Берік Шампиев, қырыққабат өсірумен айналысатын дихандар қатысты.

Делегация мүшелері Батыс Қазақстан облысының тұрғындары қазірдің өзінде айына 1300 тонна қырыққабат тұтынатынын, мырзашөлдік өнімдерге батыстықтардың сұранысы жоғары болуына байланысты қос тарапқа да тиімді келісім жасасуға мүдделі екендіктерін жеткізді.

Делегация мүшелерімен қырыққабат өнімін сату мен сатып алу шарттарының түрлі нұсқалары ұсынылып, өнім өндірушілердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

«Мырзашөлдік қырыққабат наурыз айының соңы мен сәуір айының басында алғашқы өнімін беріп бастайды. Біз сіздерге айына қажетті 1300 тонна өнімді үш бөліп жібереміз. Бағасын әр он күн сайын нарықтық сұранысқа қарай белгілеп отыру дұрыс шешім болады. Оған дейін болгар бұрышы, боклажан секілді басқа өнімдер пісіп үлгереді. Сұраныс болса оларды да жеткізіп бере аламыз» деді Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты Берік Шампиев.

2020 жылы бастау алған әлемдік пандемияда қырыққабат сатуда кездескен түрлі кедергілер өнімнің бағасын күрт төмендеткені белгілі. Облыс әкімдігі тарапынан өзге өңірлермен жасалған келіссөздердің нәтижесінде өнімді өткізу бойынша меморандумдар түзілген болатын. Әйтсе де, егістікте шіріп қалған өнімдер де аз болмады.

«Еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда кез-келген өнім Мырзашөлде ерте пісетінін жақсы білесіздер. Шаруалар жыл он екі ай тынымсыз еңбек етеді бұл жақта. Еңбектері еш кетпеуі үшін, өнімді сіздердің алатындарыңызға сенімді болулары үшін алдын ала 50 пайыздық төлем жасасаңыздар. Қалған 50 пайызын өнімді қабылдап алған соң жасайсыздар. Өнімді тасымалдау мәселесін де нақты шешіп алған жөн» деді Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Асан Махамбетов.

Айта кетейік, күні кеше қос ауданға Қостанай және Павлодар облыстарынан да арнайы делегация келіп, қырыққабатқа қызығушылық білдірген болатын.