Сарыағаш ауданының бірқатар елдімекені жылыжайдан шыққан түтінге тұншығып отыр. Жібек Жолы ауылдық округінде кәсіпкерлер үйлердің жанына жылыжай салып алған. Салдарынан ауа ластанып, ауылда өкпе, тыныс жолдары ауруына шалдыққандар көбейген. Бірнеше жылдан бері мәселені айтып, тиісті мекемелерге барған жұрт нәтиженің болмай отырғандығын айтады.
Сарыағаш ауданынында тұрғындар жылыжайдан шыққан түтінге тұншығып отырмыз дейді. 20 мыңға жуық халқы бар Жібек жолы ауылдық округінде жылыжайлар баспаналарға жақын орналасқандықтан, экология нашарлап кеткен. Салдарынан мұнда екінің бірі өкпе және тыныс жолдары ауруымен ауырады.
Сағадат Мұсабекова, Жібек Жолы ауылдық округінің тұрғыны: «Мен осы жерге үй салғам, міне жолдың екі шеті әкімшілік үйге берген. Бірақ менің үйім жанында қарама қарсы бетіне жылыжай соғылды. Міне, арада неше жыл өтті, салды жылыжайын міне қазір үйде менің денсаулығым жоқ, жүрегім ауырады, қан қысымы, қант диабеті, аллергиям бар, міне қолдарым мынандай жара боп кеткен».
Жылыжай мен жер үйдің арасы өте жақын болған соң, тұрғындар терезені ашып, үйді желдетуден қалған. Өйткені, көмірмен жағылған қазандықтың мұржасынан будақтаған қара түтін ең әуелі жанында тұрған нысандарға барады екен.
Біз бас сұққан мына үй жылыжайға жапсарлас тұр. Мәселен, мұндағы тұрғындар түтінге тұншықпау үшін терезелерін былай күңгірттеп тастапты. Бірақ әуел баста аппақ болған бұл мата қазір қара күйеге айналған.
Күндіз ауа райы жылы болған соң, жылыжайда отын көп жақпайды. Ал қас қарайғанда барлық шаруалар түтінін будақтатқанда, айнала қою қара тұманға айналады. Сондықтан тұрғындар диқандарға мынадай талап қойып отыр.
Сәуле Бабамұратова, тұрғын: «Бізде екі-ақ талап болып отыр. Біріншісі, мұржаны ұзартсын, өйткені кішкене мұржаны ұзартса, ауамен желмен кетеді ғой. Екінші жаңағы фильтрация. Өйткені, зиянды қалдық қалмауы керек қой. Оның бәрі ауамен келетін нәрсе ғой, экология бізде нашарлап кеткен. Таудың бөктерінде тұрамыз, ең таза ауа бізде еді, ең лас, былғанған ауа боп қалды қазір».
Диқандар ауыл жұртының жан-айқайы орынды деп есептейді. Өйткені, өздері де осы елді мекеннің тұрғыны болған соң, сол лас ауамен тыныстап отыр. Тіпті, бұл тығырықтан шығу үшін жан-жақты жолдарды да қарастырған екен. Бірақ, шаруалар ауылға газ құбыры тартылмайынша, мәселе шешілмейді дейді.
Нұржан Делишев, кәсіпкер: «Фильтрді мен өзім жеке басым іздеп көрдім, Шымкентте 2-3 фирмаға, фирма болғанда қондырғы жасайтын фирма емес, экологиялық разработка, құжаттармен істейтін фирмалардан сұрадым. Білмейді, бейхабар. Ондай фильтр істейтін Шымкент аумағында жоқ дейді. Қазіргі таңда көмірден бас тартуға мүлдем дайын емеспіз, себебі газ жоқ әлі. Себебі, ол пландағы нәрсе, әлі болады ма, болмайды ма. Біз көмірден бас тартсақ, 1 түнде бүкіл өнімді суық ұрып кетеді».
Аудандық шенеуніктер бұл мәселеден хабардар екен. Олар шаруаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізгеннен басқа, қолдан келер қайран жоқ дейді. Тіпті, осы уақытқа экологтар келіп, ауадан сынама да алмапты. Сондықтан, маман бұл іске облыстық атқамінерлер жауапты деп сөзді қысқа қайырды.
Алайдар Әмірханов, Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы: «Жаңағыдай шара қолдану басқа біздің құзіретімізге жатпайды, экология мәселесі ауыл шаруашылық бөліміні құзіретіне жатпайды. Ол мынау облыстық экология департаменті бар ғой, сол кісілердің құзіретінде».
Жібек Жолы ауылдық округінде 65 гектар алқапқа жылыжай егілген. Ондағы шаруалардың бәрі бір сәтте көмір жаққанда, қоршаған орта мен адамға келетін зиян орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, тұрғындар облыстық шенеуніктер мен министрліктен жан-айқайына құлақ асып, көмек беруін сұрап отыр.
Әлихан Файызханов