Сарыағаштықтар қоқыс полигоны жанындағы арықтан су ішіп отыр

250

Сарыағаш ауданының тұрғындары арық суын тұтынуға мәжбүр. Жібек жолы ауылында орталықтандырылған су құбыры болмағандықтан, адамдар үйінің ауласындағы тіршілік көзін пайдалануда. Оған қоса, елдімекен маңындағы қоқыс полигонының қалдықтары да осы арыққа төгіліп жатыр. Жергілікті атқамінерлер болса, мұны жоққа шығарып отыр.

Сарыағаш ауданы Жібек Жолы ауылы осы уақытқа дейін таза ауыз суға жарыған емес. Сондықтан, тұрғындар есік алдында ағып жатқан тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Тасымалдың бағасы тым қымбат болған соң, жұрттың арықтағы суды әбден тұндырып, қайнатып ішкеннен басқа амалы жоқ.

Умида Жүсіпбекова, Жібек Жолы ауылының тұрғыны: «Суды неше жылдан бері осы арықтан ішеміз. Арығымызды ешқашан таза болмайды. Өзіміз үйдің алдын тазалап тұрамыз. Ал жоғары жақтарда малдың өлігіне дейін жатады. Памперстер жатады. Тазаланбайды. Оның аржағында қоқыс полигоны бар. Одан түседі қоқыс. Сатып ала беруге әркімнің қалтасы көтермейді».

Ал бұл арыққа Өзбекстанның бірнеше су арнасы келіп құйылады екен. Тұрғындардың сөзінше, көрші елдің зауыты мен кәсіпорны шыққан қалдық суын осында төгіп, ауыл халқының жалғыз тіршілік көзін ластайтын көрінеді.

Еркінай Насырова, Жібек Жолы ауылының тұрғыны: «Қоқыс мынау, осыдан су ішіп жатырмыз. Денсаулыққа зиян ғой. Неше түрлі ауру болып жатыр, ауыз су осы. Қазір көріп отырмын. Шок болып отырмын. Осынша уақыттан бері сонша жылдан бері осы судан ішіп келдім бе деп. Дұрыс емес қой бұл».

Аудандық шенеуніктер болса, қоқыс полигонының арық суына еш қатысы жоқ екенін айтады. Ауылдың тасымалды су ішетінін алға тартып, тұрғындарға келетін ешбір қауіп жоқ дейді.

Құдайберген Полатов, Сарыағаш ауданы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы: «Тұрғындар,жоқ, бұдан ішпейді. Сіздер зерттеп көрдіңіздер ме, су қай жаққа баратынын? Осы ауылдың ішінен өтеді, осы елдімекен ішінен Жібек жолы ауылынан өтеді. Ал Жібек жолы елдімекенінде су жоқ, олар яғни арықтан су ішіп отыр. Олардың ішетін суы басқа жерде, гидранттың суынан алып ішеді. Жоқ, ауылдың әкімдігі де солай айтты ғой, арықтан ішеді, басқа амал жоқ деп. Суды тасымалдап ішеді».

Бұл қоқыс полигонына 7 ауылдың тұрмыстық қалдықтары төгіледі екен. Яғни, тұрғындар тұтынып жатқан тіршілік нәрін өздері ластап жатыр. Сондықтан бұл мәселені тиісті мекемелер назарына алмаса, ауылдағылар одан әрі қоқыс суын пайдалануына тура келеді.

Әлихан Файызханов