Сауран ауданындағы бірнеше елдімекеннің тұрғындары жайылым жерлерді қайтара алмай жүр. Ауыл іргесіндегі ондаған гектар жерді жалға алған кәсіпкерлер аумақты түгел қоршап тастаған. Амалы таусылған жұрт төрт түлікті қораға қамап бағуға мәжбүр.
Қосмезгіл ауылының тұрғындары өріске жіберген малын осылай шұңқырдан тауып алып жүр. Себебі, жайылым жерді иемденіп алған кәсіпкерлер оның жан жағын қазып, қала берді сыммен қоршап тастаған. Тіпті, жанынан зауыттарға дейін салып, маңына тұяқ тигізуге тыйым салыпты.
Жандос Бердалиев, Қозмезгіл ауылының тұрғыны: «Міне қоршап тастаған тікен сымменен барлығын. Мына жерде 70-80 гектар жерді қоршаған, мына жерде бір 50-60 гектар жерді қоршаған. Жолшыбай артизан қазып жатқанды көріп жатырсыздар. Малдың өті ауылдан бір километр жер де шықпайды. Ауылдың дәл іргесі. Тура жайылымның артында тас завод салынған. Дәл ортаға, мал жайылатын жерге».
Шорнақ ауылдық округіне қарасты үш елдімекеннің ортақ жайылымын шенеуніктер басқа ауылдың аумағына ауыстырып жіберіпті. Бірақ, 13 мың тұрғынның төрт түлікті көрші ауылға айдап апаруға жағдайы келмейді. Малмен күн көріп жүрген жұрт соңғы 5 жылдан бері жем-шөпті сол кәсіпкерлерден сатып алып келген. Ал қыстыгүні шаруалар малға азық таппай қиналады екен.
Халық жер бөлімі маманынан талап етуде: «Сіз бір аптаның ішінде нақты хабар беріңіз, осындай із қозғалып жатыр немесе іс тоқтатылды деп. Бір айдың ішінде шешіледі нақты деген сияқты уәж айтыңыз бір аптаның ішінде».
Молдаш Әбдіжамалұлы, Қозмезгіл ауылының тұрғыны: «Жүз пайыз осы мәселе, жайылымдық жер жоқ. Шорнақ әкімшілігі түгел, мен ашық айтамын. Аша, мына жағында Шорнақ малы шығатын жер жоқ. Айнала егіс, бір бай бағлан құс фабрикасын, жүгері егемін деп елде жоқ артизанның бәрін қазып алған төбеге».
Ал әкімдіктегілердің сөзінше, жайылым жерлер ауданның еншісінде, оның 50 гектары Ораңғай ауылына ауыстырылған. Бірақ жақын арада Шорнақ ауылдық округіне қайтарылады деп отыр.
Ұласбек Темірбаев, Шорнақ ауылы әкімінің міндетін атқарушы: «Бүгін ертең мен қоғамдастық жинап, ауылдың ортақ жайылымы 5 километр ма, 10 километр ма қалдырып, сонымен хаттамасын түзіп, жер қатынастары бөліміне өткіземін. Ауылдың малын жаю керек қой, ауылдың шет шетінде. Сол бойынша жұмыс жасаймыз енді».
Шоқан Әлиханов, Сауран аудандық ауыл шаруашылық жер қатынастары бөлімінің басшысы: «Қоршау жұмыстарын тоқтатуға бір ары қарай жұмыс жасаймыз. Уақытша бұл мәселе шешілгенше. Әрі қарай мемлекет мұқтаждығына қайтарып, ортақ жайылымға рәсімдеуге жұмыс істейміз».
Сауран ауданында жайылым мәселесі жуық арада біржақты шешімін таба қоймайтын сияқты. Өйткені, облыс орталығына жақын орналасқан өңірде бірнеше елдімекеннің халқы төрт түлігін өріске шығара алмай отыр . Әзірге тек Ескі Иқан ауылындағы біраз жер ғана қайтарылыпты.
Әлихан Файызханов