Шекарада тағы да тауар тұралап тұр

114

 Қапланбек кеден бекетіндегі бұл жүргізушілердің мына автотұраққа қаңтарылып тұрғанына бір айға жуық уақыт болды. Шымкенттегі май зауытынан өсімдік майы мен мақта майын артып Ауғанстанға жеткіземіз деген оларды кеденшілер мен экономикалық тергеу департаментінің өкілдері шекарадан өткізбей тұр.

Себебі, тауарларың контрабанда болуы мүмкін деп жабық жүктерді ашқызып, әр тіркемедегі бірнеше құты майды сараптамаға деп алып кетіпті. Тіпті 11 көлік жүргізушісінің көлік құжаттарын да алып қойыпты.

Ильхом Чариев, жүргізуші: «Май зауытынан жүк тиеп шыққан соң Шымкенттегі кеденшілер жүк құжаттарын тексеріп, бәрі заңды кете берулеріңе болады деді. Бірақ, Қапланбек кеден бекетінен өтіп жатқан кезде тауарымыз күдік тудырып, ұстады. Алғашында ары кетсе үш күннен соң кетесіңдер деген еді. Енді тұрғанымызға бір ай болып қалды. Ешкім ештеңе түсіндірмейді. Біз қарапайым тасымалдаушымыз ғой, жазығымыз не?».

Шекарада тұралап қалған жүргізушілер тапсырыс берген Ташкенттегі логистикалық компанияға, Қазақстандағы Елшілік пен май зауытына да сан мәрте хабарласқан. Бірақ ешкімнен жауап болмай отыр. Автотұраққа қойған көлігіне де әр тәулік сайын ақы төлейді екен. Жолға деп алып шыққан ақшалары таусылып, енді нағыз қайыршыға айналдық дейді олар.

Абдулрашид Хамитов: «Мұндағы 11 жүргізушінің барлығы көпбалалы әкеміз. Бәрін үйінде отбасы күтіп отыр. Мысалы осы күндердің ішінде біріміздің енеміз көз жұмды. Тағы біреуінің анасы ауырып жатыр. Елге ұзақ уақыт бара алмаған соң жақындарымыз үрейленіп жатыр. Біздің құжатымызды беріп, тауарды қоймаға түсірсін де бізді қайтарсын деп өтінеміз».

Қазір тергеу жүргізіп жатқан облыстық экономикалық тергеу департаментіндегілер тіркемеде шетел асуға тыйым салынған азық-түлік болуы мүмкін дейді. Егер ондай болса жүргізушілерден бұрын Шымкенттегі май зауыты да жауапқа тартылуы мүмкін. Сондықтан сараптама тағайындап, қортындысын күтіп отырғанын айтады. Ал, зауыттан шыққан құжаттарды тексерген кеденшілер болса жүк құжаттарында кемшілік болған жоқ дейді.

Гүлназия Жұмаділова, Шымкент кеден рәсімдеу орталығының жетекші маманы: «Ол кісілер барлық ілеспе тіркеу құжаттары бар, енді жақсы зауыт деп ойлаймыз. Мен ойламаймын бір күндік фирма емес заңды бұзатындай. Құзырлы органдар өздері шешім қабылдап оның талдау жүргізіліп жатыр деген болып тұр. Ол шешім шықпайынша ешкім айта алмайды».

Ал, тергеудің қанша уақытқа созылатыны белгісіз болып отыр. Сондықтан, нәпақа табамыз деп шекарада байланғандардың тағы қанша уақыт қаңтарылатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Жат елде жіпсіз байланғандарға Өзбекстан елшілігі көмектеспесе, жүргізушілердің жанайқайын қазірше ешкімнің елейтін түрі жоқ

Әлихан Файзханов