Шенеуніктер дүние жинап, оны жасыру үшін туыстарының атына тіркейді…

91

Қазақстанда дүние жинап, оны жасыру үшін өзгелердің атына тіркейтіндер бар. Ал байлықты жемқорлықтың арқасында жинаған. Осылай деген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов негізсіз баюға жауаптылықты қарастыру қажет екенін айтты.

Агенттік басшысы мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның жобасы бірінші оқылымда таныстырды.

Алғашқысы, негізсіз баюға жауаптылықты қарастыру. Ахметжановтың айтуынша, ұсынылып отырған бұл норма жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінің маңызды бөлігі.

«Жасыратыны жоқ, коррупцияның арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сол себепті азаматтардың шығындары заңды табысынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет», — деді Марат Ахметжанов

Сондай-ақ, заң жобасында мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту ұсынылды. Яғни, шенеуніктердің шығысы мен табысының айырмашылығы 1 000 айлық көрсеткіштен асып түссе, фискалдық санкция қаралады, атап айтқанда, 3 млн. теңгеден асса. Айырмашылық сомасының 90%-ы әкімшілік айыппұл ретінде қайтарылады. Ал егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса, мансаптық жаза қаралады екен.

                                                                                           Мөлдір Ибадуллаева