Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жалпы шараның мақсаты – борышкерлердің жұмысқа орналасуына көмек көрсету, кеңес беру сол арқылы келешекте алимент қарыздарын өтеуіне жағдай жасау. Жалпы жәрмеңкеде пробация есебінде тұратын азаматтарға уақытша және тұрақты жұмыс орындарын ұсынылды.
Жыл басынан бері алғаш рет өтіп отырған жәрмеңкеге пробация есебінде тұрған азаматтар шақырылды. Жұмыспен қамту орталығында келушілерге мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ұсынылды. Яғни азаматтарға мамандығы бойынша және өз қалауына байланысты таңдау мүмкіндігі болды.
Мәселен, пробация есебінде тұратын ер адам информатика мамандығын тәмәмдаған. Алайда екі қолға бір күрек таба алмай жүрген ол жәрмеңкеге келіп, бірнеше жұмыс орындарын қарап шықты. Нәтижесінде өз қалауы бойынша технолог саласын таңдады.
«Жұмыспен қамту орталығы мен пробация қызметкерлеріне рақмет. Бізге бағыт-бағдар беріп жұмыс табуға көмектесіп жатыр. Жалпы үнемі көмектесіп тұрады»,-дейді ер адам.
Айта кетейік, бүгінде қала бойынша 1500 — ге жуық адам пробация есебінде тұрады. Оның 326-ы Еңбекші ауданы бойынша. Ал олардың қоғаммен етене араласуы мен тұрақты жұмыс істеуі үнемі орталық қызметкерлерінің бақылауында.
Абзал Жұмақұлов, Пробация қызметінің инспекторы, әділет капитаны: «Жәрмеңкеде 25 сотталған азаматты жұмыспен қамту орталығына шақырдық. Ондағы мақсат жұмыссыз жүрген жандарды жұмыспен қамту. Отбасын асырауына сәл де болса көмек беру. Олар орталық қызметкерлерінен кеңес алып, қалауы бойынша жұмысқа орналасты. Жалпы біз пробация есебінде тұратын азаматтарды үнемі бақылауда ұстаймыз. Әрі ҚР Үкіметінің 11\31 қаулысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға жұмыспен қамтудан бөлек, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын береміз».
Мөлдір Ибадуллаева