Шымкент құтқарушылары 2 жасар баланы құтқарды

98

Шымкент қаласы ТЖД «112» Құтқару қызметінің басқару пультіне 22 ақпанда сағат 13.31-де есігі ашылмай қалған пәтерде 2 жасар баланың қалғаны туралы ақпарат келіп түсті. Құтқарушылардың көмегі қажет болды.

Жібек жолы көшесіндегі оқиға орнына келген жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесі көпқабатты үйдің пәтерінің есігі ішінен жабылғанын анықтады. Анасы пәтерден шыққан кезде бала есікті ысырмаға жауып, өзі ұйықтап қалды. Пәтерде бала жалғыз болғандықтан, анасы алаңдап, құтқарушылардан көмек сұрауға мәжбүр болды.
Құтқарушылар сатының көмегімен пәтерге екінші қабаттағы терезе арқылы кіріп, есікті ішінен ашты. Пәтерге кірген құтқарушылар баланың жағдайы жақсы екенін және тыныш ұйықтап жатқанын көрді.

Шымкент қаласы ТЖ департаменті ата-аналарға балаларға мұқият болуды және оларды жалғыз қалдырмауды ескертеді.

Жыл басынан бері жедел-құтқару жасағының құтқарушылары 35 рет есік ашуға шығып, 30 адамды құтқарды, оның ішінде 15 бала.

«Отырар TV» мен сайтымыздың @OtyrarQaz қазақша телеграм-каналына жазылыңыз.  https://t.me/OtyrarQaz