Шымкентте ем алуға келген халық тағы да далада қалды. Қалалық №2 емханаға тіркелген тұрғындар бірнеше сағат есіктің алдында күтіп, қажет процедурасын қабылдай алмай тұр. Өйткені жалға беруші компания «ғимаратты босатсын» деген талап қойып отыр.
Ал дәрігерлер мен емделушілер бұл жерден ешқайда кетпейтіндерін жеткізді. Өйткені, жарық әрі қолжетімді ғимаратқа үйреніп қалдық дейді. Әрі олардың әзірге дайын барар жері жоқ.
Бас дәрігердің айтуынша, емхана ісін жүргізуді тендерден Алматылық компания ұтып алған. Алайда, арадан 4 ай өтсе де бұған дейін бірде бір рет келмеген. Әрі ешқандай ғимараты жоқ көрінеді.
Ал осы аралықта бұрынғы сенімгерлік компания «Bairmed» ЖШС-не ешқандай жалдау ақысы төленбепті. «Шыдамның да шегі бар» деген олар басқа амалымыз қалмады дейді. Енді компания күзет жалдап, ғимаратты босатуын талап етіп жатыр. Не болмаса осы уақытқа дейінгі жалдау ақысын төлеп, сенімгерлікті бізге қайта өткізсін дейді.
Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасынан әзірге жауап алу мүмкін болмай отыр. 60 мың халқы бар емхананың ертеңі де дүйім жұртқа беймәлім күйде.
Тұрғындар бас көтерген соң жекеменшік компания бүгін ғана жұмысын жалғастыруға рұқсат етті. Алайда, егер мәселе шешілмесе дүйсенбіден бастап ешкімді кіргізбейміз деп кесіп айтты.
Мөлдір Ибадуллаева