Тұтынушылардың қоғамдық қабылдауын өткізу барысында, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне Тұран-2 шағын ауданының тұрғындары коммуналдық қызметтер үшін төлемді есептеу мәселелері бойынша жүгінді.
Тұрғындарының айтуынша, олар тұрып жатқан үйлер 2021 жылдың соңында пайдалануға беріліп, сатып-алу шарты бойынша 2021 жылдың қараша-желтоқсан айларында қоныстана бастаған. Қаңтар айында коммуналдық қызмет көрсететін монополистер үлкен соманы қоя бастады және олардың қалай есептелгенін ешкім түсіндірмегенін атап өтті. Осыған байланысты Департаменттен осы жағдайды реттеуге көмектесуін сұрады.
Осыған байланысты, Департамент басшысы Тұран-2 шағын ауданында жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау қызметтерін көрсететін монополистердің басшыларымен бірлесіп көшпелі кеңес өткізу туралы шешім қабылдады.
2022 жылғы 2 ақпанда Тұран-2 ықшамауданы мекенжайында жаңа үйлердің тұрғындарымен көшпелі кеңес өткізілді, онда олар 2021 жылғы қарашадан бастап қоныстана бастағандығы, пәтердің кілтін алғаннан кейін пәтерлеріне жылу беріле бастағандығы айтылды (құрылыс салушының өкілі, бұл фактіні растады), пәтерлердегі жылу суық болғанына қарамастан, сондай-ақ жылу энергиясын есепке алу аспабы болған кезде тұтыну нормалары бойынша шоттар берілді. Сондай-ақ тұрғындар өз үйлеріне тауарлық газды беру мерзімдері, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне тарифтер және олар қойған шоттар бойынша мәселелерді көтерді.
Тұрғындардың қойған барлық сұрақтарына Департаменттің және монополистер басшылары бекітілген тарифтер, коммуналдық қызметтерге төлем есептеу әдістері, сондай-ақ басқа да заңнама талаптары мен түсіндірмелері бойынша түсініктемелер берді.
Сонымен қатар, кеңес қорытындысы бойынша келесі ШЕШІМДЕР қабылданды:
«Қуатжылуорталық» МКК-ы құрылыс салушымен бірге әрбір пәтер бойынша нақты қоныстануды және пәтерге жылу беруді қарап, кейіннен қайта есептеуді жүргізсін;
«Қуатжылуорталық» МКК-ы қоныстандыру басталғаннан бастап пәтер ішіндегі жылумен жабдықтау сапасы жөніндегі мәселені қарастырсын және сәйкес келмеген жағдайда тұтынушыларға қайта есептеу жүргізсін;
«Қуатжылуорталық» МКК-ы құрылыс салушымен бірлесіп жылу энергиясын есептеудің үйге ортақ құралын коммерциялық есепке алу үшін қабылдау мәселесін қарастырсын, содан кейін есептеу құралдарының көрсеткіштері бойынша тұтынушылармен есеп айырыссын;
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ы осы үйлердің тұрғындарымен, оның ішінде төлемдерді, бекітілген тарифтерді есептеу, мобильді қосымшаларды пайдалану мүмкіндіктері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізсін;
«Қуатжылуорталық» МКК-ы, «Энергопоток» ЖШС-ы, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-ы, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ-ның ШӨФ-ы (газ берілгеннен кейін) санитарлық талаптарды ескере отырып және тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін, шарттар жасау және пайдалануға енді ғана енгізілген үйлердің аумағында тікелей дербес шоттар ашу мәселесін қарастырсын;
ТМРКД-ы Шымкент қаласының әкімдігіне есептеу құралдары бойынша мәселені ерекше бақылауға алуды сұрап, атап айтқанда көп пәтерлі үйлерді пайдалануға қабылдау кезінде құрылыс салушылардан коммуналдық қызметтердің толық және жұмыс істейтін есептеу аспаптарының болуын талап ету туралы хат жолдасын.
Монополистер тұрғындарды жоғарыда аталған мәселелер 10 (он) күн ішінде шешілетініне сендірді.
Көшпелі кеңес қорытындысы бойынша Тұран-2 шағын ауданының тұрғындары жедел әрекет еткені үшін алғыс айтып, аталған мәселелерді бақылауға алуды сұрады.