Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауында өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде бес жыл ішінде халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында Шымкентте жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сала мамандарының пайымдауынша 2023 жылдың соңына дейін Шымкенттегі елдімекендер 100 пайыз ауыз сумен қамтылады деген жоспар бар.
Қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметіне сәйкес, бүгінде шахардағы 81 елдімекеннің 79-ы сапалы ауыз сумен қамтылған. 3 елдімекен тіршілік нәрін кестемен ішіп отыр. Олар: Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ. Биыл Құрсай шағынауданында құрылыс аяқталып, көрсеткіш 99 пайызға жетеді.
Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Қайнарбұлақ тұрғын алабы халқын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжат жасалды. Жобаның құны 7 млрд. теңге, аз ақша емес қаражатты республикалық бюджеттен сұрап жатырмыз. Конкурс өтіп жатыр. Құрылысты биыл бастасақ, 2023 жылы аяқтауды көздеп отырмыз».
Былтыр шаһарда 14 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның үшеуі жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын магистральды су құбыры және 11 елдімекенде ішкі орам жүйелері. Нәтижесінде 10 елдімекен сапалы ауыз сумен қамтылды. Тұрғындарға су беру- абоненттеу жұмыстары кезеңімен атқарылуда.
Боранбай Болатбеков, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Биыл Еңбекші ауданындағы шалғайдағы қалып қойған жаңа құрылыстағы 50-70 -тей үйлерді де ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжат жасап, ағымдағы жылы құрылысын бастаймыз».
2023 жылға дейін қала тұрғындарын 100% сапалы ауыз сумен қамту жоспарланған. Басқарма басшысы елдімекендерді газдандыру мәселесіне де тоқталып кетті. Асар-2 шағынауданын табиғи газбен қамту жұмыстары жұргізілуде. Алайда күрделіктер де жоқ емес.
Тұрғын үйлерінің құжаттарын рәсімдемеген үйлер жетерлік. Салдарынан газ тарату қондырғыларынан үйлерге газды тарту мүмкін болмай отыр. Қайнарбұлақ елдімекенін газдандыру бойынша ЖСҚ әзірленуде. Жалпы, Шымкентте 81 елдімекеннің 8-і газбен қамтылмаған . 5 елдімекенде құрылыс жүріп жатыр.
Шынар Оразова