Шымкенттік тұрғындар билік уәжімізге құлақ түрсе дейді

85

Шымкент қаласы, Абай ауданының тұрғындары «Nur Otan» партиясының депутаты Әйгерім Жұмақұловамен кездесіп, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерін айтты.

Тұрғындар көтерген бірінші мәселе — Темірлан тас жолының бір бөлігіне жер асты өткелін салу. Бастархан Байжанов Қызылжар шағынауданында 15 жылдан бері тұрады. Сөзінше Темірлан тас жолында орналасқан жаяу жүргіншілер жолы адам көп жүретіндіктен кептеліс туындататын көрінеді. Мұнда тіпті талай рет жол апаты да болған екен. Ақсақал енді адам өлімі болмай тұрғанда билік аталған мәселеге құлақ түрсе екен дейді.

Бастархан Байжанов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы Алаш маңында тұрамыз. Базарға өтетін адам көп. Түркістаннан келетіндер қанша адамды түсіреді, олардың бәрі осы жерден өтеді. Сол үшін жер асты жолына өте зәруміз. Тез арада істеу керек!».

Бұл мәселе 5 жыл бойы шешілмей келеді екен. Қазіргі таңда жер асты өткелінің жобалық-сметалық құжаты дайындалып қойған. Алайда,әлі  қаражат бөлінбеген көрінеді. Жауаптылар керек қаржының қарастырылып жатқанын айтты.

Әйгерім Жұмақұлова, «Nur Otan» партиясының депутаты: «Негізі бұл жерге жерасты өткелі қажет. Дегенмен, ол барлық талапқа сай болуы керек. Мен өз кезегімде қала әкімдігіне істің мән-жайын хабарлаймын және бұл мәселенің шешілетініне сенімдімін.  Ал, уақытына келетін болсақ, келесі аптада міндетті түрде келіп, нәтижесін айтамыз».

Сондай-ақ, тұрғындар коммуналдық салаға қатысты өздерін мазалаған мәселелерін де жеткізді. Барлық қойылған сауал тиісті басқармаларға жолданды. Алдағы уақытта аталған мәселелердің дұрыс әрі жылдам шешілуін «Nur Otan» партиясының депутаты Әйгерім Жұмағұлова және басқа да атқамінерлер басты назарға алмақ.

Гүлдана Дәурен