Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданында 14 жастағы жасөспірімге зорлық көрсетпек болып, 15 жылға бас бостандығынан айырылған молданың туыстары, енді қыздың отбасына қоқан-лоққы көрсетіп жатқан көрінеді. Осы оқиғаға қатысты жәбірленушінің анасы шағымданған еді. Оның сөзінше, молданың жақындары жасөспірімнің отбасынан аппеляциялық сотта кешірім беруді талап етіп, ақыр соңы қорқытуға да көшкен екен.
Сарыағаш ауданында тұратын 14 жасар жасөспірім бүгінде үйінен шыға алмай отыр. Себебі — өзін өлтіріп кете ме деп қорқады. Жәбірленушінің анасы қызына бейтаныс жандар қоқан-лоққы көрсетіп жүр дейді. 1 жыл бұрын ауыл молдасы қаршадай қызға зорлық сипаттағы әрекет жасамақ болған. Қылмыскер жақында ғана 15 жылға түрмеге тоғытылыпты. Алайда, оның туыстары арызды қайтарып алуды талап етіп, жәбірленуші тарапқа сес көрсетіп жатқан көрінеді.
Жәбірленуші: «Олар егер біз арызымызды өзгертпесек бізді өлтіріп кетеміз деп айтқан. Мектептің жанынан көргем оларды. Сол кезде де олар мені өлтіреміз деген».
Қылмыскердің туыстары қызының қыр соңынан қалмаған соң, өздері тұратын жалдамалы пәтерді 3 рет ауыстыруға тура келіпті. Ашынған ана бөтен біреулердің үй маңайын аңдып жүргенін көршілер де талай көрген дейді. Бұл мәселені көтеріп, полицияға бірнеше рет арыз да жаздық деген қыздың анасы, құқық қорғау қызметкерлерінен қайран болмай тұрғанын айтады.
Жәбірленушінің анасы: «Бірақ арызымды полиция қызметкерлері қарамайды. Қылмыстық құрамы жоқ дейді. «Сізді қорқытып жатса сіз видеоға түсіріңіз» дейді. Қандай ана үйіне келіп, қызын қорқытып жатса пышақпен қызын қуалап жүрсе, баласын қойып қойып видеоға түсіріп тұрмайды ғой».
«Көрген қорлығым аздай, енді мұндай қорқытуға шыдай алмаймын» деген жасөспірім, тіпті, өзіне қол жұмсамақ та болыпты. Ал полиция бұл іске қатысты қылмыстық кодекстің 105-ші бабы, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бойынша іс қозғаған. Алайда, шенділердің айтуынша, жәбірленуші тарапты қорқыту бойынша нақты айғақ жоқ көрінеді.
Қуаныш Байзақов, Сарыағаш ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары: «Ондай қазір тергеу нәтижесінің дәйектері анықталмады. Ол жақтың, ол тараптың бәрінен жауаптарын алынып, бірқатар тергеу амалдары жүріп жатыр. Нақты ондай дәлелін таппай жатыр».
Қаршадай қыздың анасы перзентін бірнеше адам аңдып, қорқытып жүр дейді. Ал қазіргі уақытта тек бір адам ғана күдікті деп танылып, тергеліп жатқан көрінеді. Істің әділ жүргізіліп жатқанына күмәнданған ана енді мемлекет басшысы мен ішкі істер министрлігінен көмек сұраймын деп отыр.
Гүлдана Дәурен