Шымкентте ала жаздай шаң жұтып, көшеге шығудан қалған жұрт үйлерінің маңынан қазылған қазаншұңқырға қатысты наразылығын білдіруде. Әуел баста көпқабатты үй салынады деп жоспарланған қазба жұмыстары үй маңынан қашықта басталған екен. Енді бірте-бірте баспаналардың жанына таяп та қалыпты. Жан-айқайымызды тыңдар ешкім жоқ дегендер, терең шұңқырға балаларымыз құлап кете ме деп қорқады.
Бұл, Шымкенттегі Еңбекші ауданының тұрғындары. Айтуларынша, көпқабатты тұрғын үй салу үшін қазылған қазаншұңқыр әу баста қашықтан басталған екен. Ал енді тереңдігі біршама болатын шұңқырдың ауқымы үйлерінің ауласына дейін жете бастапты. Жиналғандар қазба жұмыстарының салдарынан баспанамыз құлап, далада қаламыз ба деп қорқады.
«Үйдің жанынан салынған бұл құрылыс жұмыстары баспанамызға зақымын келтіруі мүмкін. Өйткені, қазаншұңқырдың кесірінен жердің астыңғы қабаты бұзылады. Мұнда адамдар тұрады, олардың да өмір сүргісі келеді. Ал мынау дегеніңіз, ақылға сыйымсыз тірлік. Бизнестің аты бизнес, бірақ адам өмірі бизнестен қымбат емес пе?», дейді тұрғындар.
Осы құрылыстың айналасында әрлі-берлі жүйіткіген жүк көліктері, үй алдындағы асфальт жолды тоздырып жіберген көрінеді. Сондай-ақ, аймақтағы жас бүлдіршіндер сол ауыр техникаларды қызықтау үшін жиі келеді екен. Айдың күннің аманында қайғылы жағдайға тап болмасақ деп алаңдаған жұрт, тұрғын үй мен терең ордың арасы небәрі 10 метрдің айналасында ғана дейді. Яғни, заңсыз!
Равшанбек Абдуллаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз құрылыс жобасымен ресми түрде танысу үшін арыз жаздық. Себебі заң жобасы бойынша қазба жұмыстары ғимараттан, тұрғын үй-жайдан белгілі бір метр қашықтықта болуы керек. Бұл жұмыстарды бастар кезде ешкім ескертпеді. Құдай сақтап, қайғылы жағдай орын алған жоқ».
Ал құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кооператив ешқандай жауапкершіліктен қашпаймыз дейді. Жіберген қателіктері бар екенін өздері де мойындайды. Және оны жақын арада қалыпқа келтіреміз деп уәде беріп отыр.
Нұрсұлтан Қалаубаев, «ADEMA HOUSE» тұрғын-үй құрылыс кооператив өкілі: «2 айдың ішінде құдай қаласа мына жердің бәрін орындап береміз. Орнына келтіріп, қабырғаны құйып береміз. Жаңағы бәріп тегістеп, лотоктарын жүргізіп, мұны енді біз қашып жатқан жоқпыз. Өздеріңіз көріп тұрсыздар, 2 күннен бері жаңбыр жауып жатыр. Жаңбырға байланысты осы жердегі лотоктардың нашар жағдайда болуынан болған нәрсе. 2 айдың ішінде орындап береміз».
Алайда жиналғандар бұл сөзге сеніңкіремейді. Өйткені, кооператив өкілінің ант-суы тек көзбояушылық деп есептейді. Сондықтан ол тұрғындардың талабын өзі айтқан уақытында орындамаса, халық олардың үстінен сотқа жаппай арыздамыз деп бекініп отыр.
Әлихан Файызханов