Түркістан облысының азаматы туысының 3 бас қошқарын ұрлаған. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді. Сөздерінше, күдікті 180 мың теңгелік малды, 135 мыңға сатып үлгерген.
Жетісай АПБ-ға арызданған жәбірленуші түнгі уақытта мал қорасында қамаулы тұрған жерінен үш бас қошқарын белгісіз біреудің ұрлап кеткенін хабарлаған. Ер адамға келтірілген шығын көлемі – 180 мың теңге.
Аталған жайт ҚР ҚК 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Тәртіп сақшылары ұрлық жайты орын алған аумақтың барлығын жіті тексеріп, куәлардан жауап алды.
Тыңғылықты жүргізілген іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті ретінде екі ер адам анықталды. Олар Сарыағаш ауданының тұрғындары болып шықты. Малдарды ұрлағандардың бірі жәбірленуші ер адамның туысы болып екен.
Белгілі болғандай, ол материалдық пайда табу мақсатында өзінің сыбайласын ертіп, Жетісай ауданына түнгі уақытта келген. Содан туысының тұрғын үйінен алыс орналасқан қорадан малдарды артып әкеткен.
Ол аздай, қылмыстың ізін жасыру мақсатында ұрланған малды мал союмен айналысатын тұрғынға 135 мың теңгеге сатып жіберіпті . Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Мөлдір Ибадуллаева