Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 14 жасар қызды зорламақшы болған молданың әрекеті әшкереленіп, 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда сот шешіміне келіспеген оның туыстары әлі күнге дейін қыздың отбасына тыным бермей кешірім беріңдер деп бопсалауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қыздың анасы отбасы қауіпсіздігіне қатты алаңдаулы. Бір жыл бұрын көрші ауылдың молдасы 14 жасар қызды зорлау сипатындағы әрекетімен ұсталды. Ол жуырда ғана сот шешімімен 15 жылға бас бостандығынан айыру жазсына кесілгенімен, туыстары қызды егер кешіріп, арызыңды қайтып алмасаң бұдан да сорақысын көрсетеміз деп бопсалауда.
“Мен оларды бірнеше рет көрдім. Олар маған келіп арызыңды алмасаң өлесің деп қорқытады. Қолына пышақ ұстап келген кездері де болған”, – дейді жәбірленуші қыз.
Анасы олардан аулақ жүру үшін үш рет пәтер ауыстырған. Сонда да қыр соңдарынан қалмаған молданың туыстарына полиция қызметкерлері де еш әрекет жасамаған.
“Полицейлер олардың бопсалау әрекеттерінің дәлелі жоқ екенін айтып, жылы жауып қойды. Қорқытып жатса видеоға түсіріп алыңыз деп айтты. Қандай ана баласын пышақпен қорқытып, машинамен қуып жатса сыртынан қарап тұрып видеоға түсіреді. Кез-келген ана ондай жағдайда тек баласының қауіпсіздігін ойлап, оны қорғауға бар күшін салады”, – деді жәбірленушінің анасы.
Қыз бұның бәріне төзе алмаймын деп өз-өзіне қол жұмсамақшы да болған. Полицейлер 105-ші өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу бабымен іс қозғауға дерек, дәлелдердің болмай тұрғанын айтады.
“Қазір бірқатар тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Нақты дәлелдер болмағандықтан тек бір ғана азамат тергелуде. Ал қыздың анасы болса, бірнеше адамның арттарына түсіп жүргенін жеткізді”, – дейді Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полиция басқармасы бастығының орынбасары.
Жәбірленушінің анасы облыстық соттың әділдігіне сенбей, Президент пен ішкі істер министрлігінен көмек сұрайды.