Ұсталғандарды азаптаған полицейлердің үстінен 170 қылмыстық іс қозғалған

101

 

Қаңтар оқиғасында ұсталғандардың тұлғасы анықталған соң, сондай-ақ денсаулық жағдайларына байланысты және басқа да материалдар бойынша 109 азаматтың қамауға алу жазасы кетіп қалмау жөніндегі қолхатпен және жеке кепілдік берумен алмастырылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында Президенттің төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мәлім болды . Прокурорлар азаматтардың тәртіпсіздікке қатысы бар екені дәлелденбегенін негізге ала отырып, тағы да 103 адамды босатқан. Ұсталғандарды азаптау туралы әрбір хабарлама жіті тексеріледі. Прокурорлар адвокаттармен, құқық қорғаушылармен және Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен әрдайым байланыста. Оларға тергеу изоляторларына, уақытша ұстау изоляторларына және ұсталу себебін анықтайтын арнаулы орындарға кіруге мүмкіндік берілген. Жалпы прокуратураға ұсталғандар тарапынан 305 шағым түскен. Құқық бұзушылыққа қатысты 62 шағым расталмады. Азаптау және билігін асыра пайдалану дерегі бойынша 170 қылмыстық іс қозғалды.