Залалды өтеуге келіп түскен өтінімдердің басым бөлігі кері қайтарылған

131

Шымкенттегі  өңірлік комиссия тәртіпсіздіктер салдарынан залалды өтеуге келіп түскен өтінімдердің басым бөлігі түзетуді қажет етеді дейді. Бүгінгі таңда InfoKazakhstan порталы арқылы 10 кәсіпкер құжаттары мен өтінімдерін жолдаған.

Бірақ олардың басым бөлігі қате толтырылып, кері қайтарылған. Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы зардап шеккен кәсіпкерлермен жиын өткізіп, өтініштерді дұрыс рәсімдеу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары: «Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Шымкентте  бастапқыда 34 нысан, оларға келтірлген шығын 270 млн. теңге деп берілген болатын. Тиісті құжаттардың жиынтығы жасалып, тізімдер нақтыланды. Бүгінде  33 нысан бойынша жұмыс атқарылуда.  Олардың шығынын өтеу сомасы 238 млн. теңге.  Бірінің терезелері, витриналары сындырылыса, біреулерінің тауарлары ұрланған. Өңірлік комиссияның алғашқы отырысы өтті. 10 нысанға қатысты кәсіпкерлерден өтінім түсті. Алдын ала  берілген мәліметтер бойынша 3 арыз  қаралып, өтелетін сома 4 млн. теңге деп белгіленді, қалғандары  бойынша жұмыс жүргізілуде».

Айта кететін жәйт, тәртіпсіздік барысында ШОБ субъектілеріне келтірілген мүліктік зиянды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар залалды өтеу туралы өтініштерді күнтізбелік бес күн ішінде қарайды. Өтінім мақұлданған жағдайда ұсынылған мәліметтер мен құжаттар негізінде өңірлік комиссия айқындайтын мөлшерде қаражат бөлу туралы шешім шығарылады.

Өтініш беруші тиісті шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде қаражатты алады. Комиссиядағылар өтінімді талапқа сай рәсімдеу қажет екендігін айтады

Шынар Оразова