2020 жылы пандемия басталған сәтте қалалық Білім басқармасының басшысы жемқорлыққа жол берді деген әңгіме таралып кеткен еді. Басқармаға қарасты Әдістемелік орталықта IT маманы болып жұмыс істеген азамат шаһардың бас ұстазын оқушыларға компьютер аларда мемлекет қаржысын жымқырды деген болатын. Осы мәселеге қатысты дау-дамайдың нүктесін қою үшін Жанат Тәжиева баспасөз жиынын өткізіп, барлық сұрақтарға жауап берді.
2020 жылы пандемия басталып, оқушылар онлайн оқуға көшкен кезде техникалық құралдың жетіспеушілік мәселесі туындаған болатын. Олқылықтың орнын толтыру үшін мемлекеттік бюджеттен 7 млрд-тан астам қаржы да бөлінген. Оған 56 500 қашықтықтан оқыту құралы алынса, оның 8 мыңы ұстаздарға беріліпті. Компьютер, ноутбуктарды алу кезінде заңсыздықтарға жол берілді деген арызданушы тауарды қабылдау кезінде өзі болғанын айтады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы: «Бұл кісінің айтып тұрған ноутбугы емес. Басқа да компьютерлер, планшеттер, одан да бөлек басқа фирманың ноутбуктары барлығы, жеке-жеке, осы экспертизаның қорытындыларымен тексеріліп барып, қорытындысымен сәйкес деген негізінде мемлекеттік қаржыны алып, тез арада балалардың қолдарына жеткіздік».
Арыз түсірген сол кездегі Әдістемелік орталықтың IT маманы Басқарма басшысының осындай әркетінен әшкерелеген соң олар, «өз еркіммен жұмыстан кетуіме жағдай жасады» деді. Өз кезегінде Жанат Тәжиева бұл арыздың негізсіз екенін айтып, мұны жабылған жала деп есептейтінін айтты.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы: «Оны таңдап, өзі қабылдай отырып, басшыға күйе жағу — енді бұл өте кешіруге жатпайтын сияқты. Себебі, сырттан бір азамат күманданып жатса, мен ойлар едім, сөзге еріп қалды-ау деп. Міне, Әсет аға, осы Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің мониторингі жетекшісі. Өзі комиссияның құрамында, өзі компьютерлерді таңдады. Өзі техникалық сәйкестігін тексеріп, өзі баға берді. Мен ол жерде маман болғандықтан қасында төрайым ретінде отырдым».
Ал құқық қорғау органдары екі жақтың да мәселесін жіті қарап, тексерудің нәтижесі бойынша тиісті шешімдер шығарған. Нәтижесінде, басқарма басшысының сыбайлас жемқорлыққа жол бермегені дәлелденген.
Әлихан Файызханов