«Жеке куәлігін жоғалтқан азаматтардың атына 10 млн. несие рәсімдеген»

443

Статистика сүйенсек, елде жасалған 10 қылмыстың біреуі алаяқтық болады екен. Ал оның ішінде интернет алаяқтарының дәурені жүріп жатыр. Олар түрлі айла ойлап тауып, халықтың ақшасын жымқырып жүр. ҚР ІІМ, Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы бастығының міндетін атқарушы Рүстем Дүйсетаев баспасөз брифингтінде олардың бірнешеуін атап өтті. 

Елде өзгенің атынан заңсыз несие алу дерегі көбейген. Бүгінде алаяқтықтың бұл түрі екінші орында. Алайда, ең қауіптісі де осы болып отыр. Өйткені, мұны меңгерген азаматтар әлеу желі қолданушыларының «құжат тауып алдым» деген хабарландыруын іздеп, ондағы жеке мәліметтер арқылы микрокредит рәсімдейді. ҚР ІІМ өкілінің айтуынша, жақында ғана 350 адамды сан соқтырған Семейлік тұрғын ұсталыпты.

«Бұған дейін Семей қаласының тұрғыны арнайы жоғалған құжаттар туралы хабарландыруларды іздеп, сонда көрсетілген жеке мәліметтермен микро кредиттерге тапсырыс беріп отырған. Ал құжаты жоғалған адамдар заңсыз кредиттің рәсімделгенін білмей, жүре берген. Оларға қарызды төлеу мерзімі өтіп кеткеннен кейін ғана хабарлама түскен. Қазіргі кезде зардап шеккен 350-ден астам адам анықталды. Олардың атына жалпы сомасы 10 миллион теңгеден асатын заңсыз кредиттер рәсімделген»,- дейді Рүстем Дүйсетаев.

 

Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстанда алаяқтық қылмыстың саны 22,5 процентке артқан. Яғни, жыл бойынша 41 мыңға жуық іс тіркелген. Ал биыл қаңтар айының өзінде 2,5 мың қылмыс анықталды».

                                                                                        Мөлдір Ибадуллаева