Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы жарияланды

172

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын жариялады. Құжат 23-ші  ақпанға дейін қоғамның талқылауынан өтеді. Заң қабылданса, төлем қабілеті төмен адамдарға бірқатар шектеу қойылады.

Ең төменгі күнкөріс мөлшері, яғни 36 мың теңгеден артық 5 жылға дейін қаржы ұйымдарынан қарыз берілмейді. Ешкімге кепіл бола алмайды. 3 жылға дейін қисынды себепсіз елден шығарылмайды. Тек емделуге, туыстарын емдетуге және ертіп жүруге немесе шетелге жерлеуге қатысуға рұқсат берілген. Сондай-ақ борышкер банкроттықтың соттан тыс рәсімін қолдану туралы арыз бергеннен бастап кредиторлар оны мазаламауы керек. Қарыз алуға, кепіл болуға, басқа да келісімдер түзуге итермелеуіне тиым салынады. Бүкіл берешегі бойынша өсімпұл, айыппұл тоқтатылады. Тіпті, жеке банктік шоттарынан ақша өндіріп алуға да тыйым бар.

Нұржан Бияқаев, Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы: «Бұл заң бізде қабылданбай келеді. Әдейі деп ойлаймын. Себебі, банктер шоғыр-шоғыр тұтынушыларынан айырылады. Ал, егер банкроттық туралы заң қабылданса, әр елден тек оңтайлы тұсын алып, бір тұтас мазмұнды құжат жасау қажет. Әбден тәжірибеден өткенін таңдаған дұрыс».

Президент елдегі тұтынушылық несие көлемі кәсіпкерліктен де асып кеткенін айтқан еді. Бұл жұрттың әлеуметтік жағдайына кері әсер етіп отыр. Сондықтан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын қабылдауды тапсырды.

Бүгінде 22 банктің кредиттік қоржыны 17,8 трлн теңге. Бұл қарыз ақша. Заңды тұлғалар 7 жарым, ал жеке адамдар 10,3 трлн теңге алған.

Шынар Оразова

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу